Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Енді "Қаныш" фильмін Павлодар мен Жезқазған тұрғындары тамашалай алады

Опубликовано:

"Қаныш" фильмі
"Қаныш" фильмін түсіру сәті. Фото: түсірілім ұжымының жеке мұрағаты

2 ақпанда еліміздің геология саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан аңыз тұлға Қаныш Сәтбаевтың өмірін баяндайтын "Қаныш" фильмі кинотеатрларға жол тартты. Өткен ғасырдың екінші онжылдығында орын алған тарихи оқиғалар негізінде түсірілген кинокартина 27 жасында еліміздегі ең ірі мыс кен орындарын ашуға мұрындық болған қайраткердің тұлғалық ерекшеліктерін жан-жақты ашып берген. Алдағы уақытта көркем туынды Павлодар мен Жезқазған қалаларында прокатқа шықпақ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қаныш Сәтбаевтың Қазақстан тарихында алар орны ерекше. Ол еліміздің тау-кен өндірісін жолға қойып, осы салада көптеген жаңалық ашқан тарихи тұлға. Десе де есімі елге белгілі болғанымен, оның адами қасиеттерін, тұлғалық ерекшеліктерін білетіндер ел арасында кемде-кем. Сәтбаевтың ғылымдағы рөлін ғана емес, сонымен бірге адам ретіндегі сезінген сезімдерін, ойлаған ойларын, даму жолындағы ерен істерін халыққа жеткізу, сол арқылы есімін әйгілеу мақсатында киногерлер "Қаныш" фильмін түсірді.

"Қаныш" фильмі
"Қаныш" фильмінен кадр: түсірілім ұжымының жеке мұрағаты

Картина режиссері - ел киноиндустриясындағы өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп жүрген Ерлан Нұрмұхамбет. Оның сөзінше, бұл фильмнің әсіресе жас жеткіншектерге, өскелең ұрпаққа берері мол. Себебі ондағы әрбір дерек, әр оқиға зор еңбектің, мұқият зерттеудің арқасында кинода таспаланған. Ал басты мақсат - шынайы тарихи жайттарды халыққа сол қалпында жеткізу болды, деп ойын бөлісті режиссер.

"Қаныш" фильмі
"Қаныш" фильмін түсіру сәті. Фото: түсірілім ұжымының жеке мұрағаты

"Біз осы фильм арқылы халқымыздың тарихындағы ерекше тұлғалардың жолын көрсетуге тырыстық. Соларға қарап, өскелең ұрпақ бой түзер деген үмітіміз де бар. Қаныш Сәтбаев 27 жасында білімі мен табандылығының арқасында сол кездегі ең ірі мыс кен орындарын ашып, кейін Қазақстанда металлогения мектебінің негізін қалады. Материалға үңіліп, ғалымның өмір тарихымен, кәсіби қызметімен танысып, ол кісінің ерік-жігеріне таңғалдым. Отбасындағы қайғылы оқиғаларға қарамастан, халқына қызмет етіп, тер төкті, ғылыммен айналысты. Менің мақсатым – халқымыздың тарихында қайратты тұлғалардың болғанын көрсету. Сондай-ақ жастарымыз солардан үлгі-өнеге алып, отбасы, халық пен ел игілігі үшін еңбек етсе екен деймін", – дейді Ерлан Нұрмұхамбет.

"Қаныш" фильмі
"Қаныш" фильмінен кадр: түсірілім ұжымының жеке мұрағаты

Ғұмырын ел ғылымына арнаған қазақтың тұңғыш геологы Қаныш жайында айтар дерек көп. Небәрі 27 жасында ол айтулы жаңалық ашып, Жезқазған өңірінің қойнауы бағалы кенге толы екенін дәлелдеп шыққан. Ғылыми жаңалығын ашу, оны мойындату жолында көптеген қиындықты басынан өткерген.

Фильмнің желісіне 1926-1934 жылдарда елсіз Қарсақпай жерінде Қаныш Сәтбаевтың ерекше күш-жігерімен әлемдегі ең бай тау-кен инфрақұрылымының қалай ашылғандығы туралы тарихи оқиғалар арқау болған. Мықты геолог қана емес, қазақ даласында болған аштық кезінде ондаған баланы аман алып қалған ерекше тұлға екенін көрсетілген. Фильмде ашаршылық, қуғын-сүргін секілді оқиғаларға мән берілген. Ғалымның ғұмыры сөзсіз насихатталуы керек деп санайтын идея авторлары сол заманның ахуалын әділ таспалау үшін біршама тер төгіпті.

"Қаныш" фильмі
"Қаныш" фильмін түсіру сәті. Фото: түсірілім ұжымының жеке мұрағаты

Мәселен шығармашылық топ Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын зерттеп, туған-туыстарымен, қаныштанушылармен тығыз байланыста болған. Түсірілім ғалымның туған, еңбек еткен жерінде өткен. Тіптен сол заманның шынайы көрінісін көрсету үшін бүтін бір ауыл жасап шыққан. Ал сол заманның қасіретті ахуалын жеткізу мақсатында фильм ақ-қара форматта ұсынылған.

Бұл ретте фильм кейіпкерлерінің образына да мұқият назар аударылған. Тарихи тұлғалар образын сомдайтындар 300 үміткердің ішінен таңдалып алынды. Ал Қаныштың рөліне бекітілген актер Әсет Есжанның бет-бейнесін режиссер ғалымға ұқсатқан. Бір айта кетерлігі, фильмдегі өндірістік процесстер де барынша шынайы көрсетілген. Мысалы түсірілім тобы "Қазақмыс" зауытына барып, нағыз бұрғылау процесін бақылап, сол көріністі фильмде айқын көрсетуге тырысқан.

Фильмнің жабық көрсетілімі Алматы мен Астанада, сонымен бірге Сәтбаев қаласында да көрерменге ұсынылып үлгерген.

Одан бөлек, "Қаныш" фильмі бірнеше халықаралық марапатқа ие болып, шетелдік сарапшылардың жоғары бағасын да алды. 2022 жылғы желтоқсан айында Буэнос-Айресте (Аргентина) өткен Literature in Cinema халықаралық кинофестивалінде "Үздік фильм" жүлдесін алса, биылғы қаңтарда Үндістанда өткен Athvikvaruni International Film Festival халықаралық кинофестивалінде үш номинация (Best asian feature film, Best concept, Best environment/nature feature film) бойынша үздік атанды. Картинаны тамашалаған Қаныш Сәтбаевтың немерелері Әлима Жармағанбетова мен Александр Третьяков түсірілім тобына өзінің алғысын жеткізіп, фильмге жоғары баға берді.

"Атамыздың өмірі мен шығармашылығының алғашқы кезеңін бейнелеген фильмді шынайы деректерге барынша жақындатпақ болған ниеттері үшін алғыс айтамыз. Бұл фильм халқына еліміздегі жер қойнауының байлығын ашқан ұлы қазақ баласы туралы тағы бір естелік болып қаларына сенімдіміз", - деді олар.

Ал "Қазақтың Қанышы" кітабының авторы, қаламгер Медеу Сәрсеке болса ғалымның ғұмыры елге өнеге екенін, осындай картина жарық көргеніне бек қуанышты екенін жеткізді.

"Қаныш аға туралы бұл фильм баяғыда жарыққа шығуы керек еді. Амал не, ештен кеш жақсы дегендей, жуырда жасалып, көптен күткен көрерменнің көзайымына айналып отыр. Фильмнің бағасын көрермен айтар... Мен өзім осы туындының дүниеге келгеніне қуаныштымын! Шамам келгенше көмектестім. Көрерменге ой салар, ғұмыры ұзақ туынды болсын! Қаныш ағаның тағдыры, өмір жолы, атқарған еңбегі, барлығы – халқымыз үшін әрқашанда өнеге!", - деді ол.

Айта кететін бір жайт, кинофильм еліміздегі креативті экономика жобаларын, оның ішінде кинематограф саласын қолдауға белсенді атсалысатын "Қазақмыс" корпорациясының демеуімен жарық көріп отыр. Алдағы уақытта да корпорация осы бағытттағы жұмысын жалғастырмақ ниетте. Мәселен, жуырда "Қазақмыстың" демеушілігінің арқасында Әлкей Марғұлан қорының және Atameken Business телеарнасының атсалысуымен еліміздің үш бәйтерегі Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев және Әлкей Марғұлан туралы деректі фильм жарыққа шықпақ. Деректі фильм авторлары оны ақпан айында толық аяқтап, жазға қарай ел назарына ұсынуды жоспарлап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009058-endi-qanys-filmin-pavlodar-men-zezqazgan-turgyndary-tamasalai-alady/

pixel