jitsu gif branding logo appbranding logo app

Қаңтар айында ҰБТ тапсырғандардың 21 мыңнан астамы шекті балл жинай алмаған

Оқушылар
Компьютер сыныбындағы оқушылар. Көрнекі фото: pexels.com

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаңтар айындағы ҰБТ қорытындысы туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Руслан Емелбаевтың мәліметінше, биыл қаңтар айында 123 мыңға жуық талапкер ҰБТ тапсырған.

Олардың қатарында шартты негізде ЖОО-ға қабылданған 1 курс студенттері, сонымен қатар шығармашылық білім беру тобынан дайындық бағыттарына ауысқысы келетін студенттер, сондай-ақ педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер мен биылғы мектеп түлектері бар.

"Тестілеудің қорытындысы бойынша, 102 мыңға жуық талапкер шекті балды яғни, 50 балды жинады. Бұл қатысушылардың 83 пайызын құрайды. Ал 17 пайызы немесе 21 мыңнан астамы шекті балды жинай алмады. Қаңтар айындағы ҰБТ-ның орташа балы - 76. Ең жоғары балл - 139, оған Қазақстан бойынша бес талапкер қол жеткізді", - дейді спикер.

Бұл ретте ҰБТ орталығының директоры тестілеуден кейін тексеру жүргізілетінін, егер ҰБТ кезінде заңбұзушылық анықталса, сертификаттар жойылатынын еске салды.

Сондай-ақ ол биылғы қаңтардағы ҰБТ-да қанша талапкер ереже бұзғанын айтты.

"Ереже бұзғаны үшін 160 адамның тестілеу нәтижесі жойылды. Оның ішінде смартфон және басқа да тыйым салынған заттарды ішке алып кіру әрекеті салдарынан 62 талапкер ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. 98 адам тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Биылғы жылдың қаңтар айындағы ҰБТ-да бөгде тұлғаның талапкер орнына кіріп тест тапсыру фактісі анықталған жоқ", - дейді Руслан Емелбаев.

Сондай-ақ спикер халықаралық сертификаты бар талапкерлер ағылшын тілінен ҰБТ тапсырмайтынын атап өтті.

"Бұл көп жағдайда IELTS/TOEFL емтихандарына байланысты. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, IELTS сертификаты 6 балдан жоғары болса, оларға автоматты түрде 45 балл беріледі. Алайда балл ҰБТ нәтижесіне есептелмейді. ҰБТ кезінде ағылшын тілін тапсыру-тапсырмауды талапкер өзі шешеді. Грантқа түсу үшін университетке құжат тапсырған кезде комиссия шешімімен сертификаты бар балаға 45 балл беріледі. Біз жоба ретінде 5 және 5,5 баллдық сертификаттары бар талапкерлерге ұпай беру үшін жаңашылдық дайындап жатырмыз", - дейді ҰБТ орталығының директоры.

Айта кетейік, 10 қаңтарда Қазақстанда ҰБТ басталды. Тестілеу 10 ақпанға дейін жалғасты. Оған қатысуға 125 мыңға жуық адам өтінім берген.

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.