Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда Төтенше жағдайлар министрлігінің жаңа әскери бөлімі құрылады

Опубликовано:

фото
Көрнекі фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Ақтөбеде Төтенше жағдайлар министрлігінің жаңа әскери бөлімі құрылады. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Facebook-тегі ресми парақшасында хабарлады.

"Бүгінде адами факторлармен қатар, техногендік сипаттағы оқиғаларға байланысты қауіпсіздік мәселесі мен төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет ету алдыңғы қатарға шығып отыр.

Қазір елімізде су тасқынына қарсы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Сондай-ақ жаз мезгілі де жақындап келеді, яғни өрт қаупі де арта түседі", – делінген премьер-министрдің хабарламасында.

Смаилов Түркия мен Сирияда болған жойқын жер сілкіністері адам өмірінің қауіпсіздігі қаншалықты маңызды екенін көрсетіп бергенін айтты. Сонымен қатар осындай қиын сәтте бауырлас түрік халқына қол ұшын созып, аса қауіпті жағдайда жұмыс істеп жүрген қазақстандық құтқарушыларға ризашылығын білдірді.

"Бұл оқиғалардың барлығы біздің әр түрлі жағдайларға дайын болу үшін жедел әрекет ету күштерін ұлғайтып, оларды тиісті жабдықтармен қамтамасыз ету ісіне аса көңіл бөлуімізді қажет етіп отыр.

Осыған байланысты үкімет "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің кейбір мәселелері туралы" қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда ТЖМ-нің жаңа әскери бөлімі құрылуда. Ол Ақтөбе қаласында орналасады. Жаңа бөлімнің штаты – 880 адам", – деді ол.

Премьер-министрдің сөзінше, республика бойынша ТЖМ-нің Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарында үш әскери бөлімі бар. Батыс аймақта көлемді құтқару құрылымдары жоқ.

Сондай-ақ ол ТЖМ қызметтерінің штат саны, атап айтқанда, өрт сөндіру бөлімшелері 380 адамға, құтқару станциялары 220 адамға, Апаттар медицинасы орталығы 94 адамға және "Қазселденқорғау" мекемесі 39 адамға көбейгенін айтты. Жалпы алғанда ТЖМ қатары 1 613 адаммен толықты.

Смайылов аталған шаралардың барлығы төтенше жағдайлар бойынша жедел әрекет ету деңгейін, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізудің тиімділігін, елдің өрт қауіпсіздігін, шұғыл медициналық көмек көрсетуді, сондай-ақ азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері мен селден қорғау құрылыстарының толыққанды жұмысын қамтамасыз ететінін баса айтты.

"Үкімет осы бағыттағы жұмысын жалғастырады. Біз жедел қызметтерді материалдық-техникалық жарақтандыру, құтқарушылардың еңбекақысын көтеру жөнінде шараларды одан әрі де қабылдаймыз.

Әлемдегі тосын оқиғалар адамдардың қауіпсіздігі бәрінен де жоғары екенін көрсетіп отыр", – деп түйіндеді Смайылов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009221-qazaqstanda-totense-zagdailar-ministrliginin-zana-askeri-bolimi-qurylady/

pixel