"Қыз жігітті ұрып жатыр": желіде тараған видеоға қатысты Алматы полициясы пікір білдірді
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде қыздың жігітті ұрып жатқан сәтінен видео пайда болды. Бұл жайтқа қатысты Алматы қаласының полициясы пікір білдірді, деп хабарлайды "ҚР ІІМ жаңалықтары" Telegram-арнасы.
Видео Telegram-дағы Egov.Press арнасында жарияланды.
"Бізге қыздың бір жігітті ұрып-соғып, ақша талап етіп жатқаны туралы видео келіп түсті. Жетісу облысының полиция департаменті, тамашалаңыздар", - деп жазылған бейнежазба сипаттамасында.
Видеодан қыздың жерде жатқан жігітті ұрып-соғып, балағат сөздер айтып, одан бірдеңені талап етіп жатқанын байқауға болады.
Белгілі болғандай, оқиға Жетісу облысында емес, Алматы қаласында болған. Алматы қалалық полициясының мәліметінше, бұл дерекке қатысты Наурызбай аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
"Іс жүргізу шеңберінде осы заңсыз әрекетті жасаудың мән-жайы анықталады", - делінген полиция хабарламасында.
Құзырлы органның дерегінше, бейнежазбадағы бойжеткен 2005 жылы туған Алматы қаласындағы колледждердің бірінің студенті. Ол ювеналдық полицияның есебіне қойылған.
Сондай-ақ кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамау дерегі бойынша қыздың анасына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабында көзделген құқық бұзушылық белгілеріне сәйкес материал жиналған.
Материал кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына жіберілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009647-qyz-zigitti-uryp-zatyr-zelide-taragan-videoga-qatysty-almaty-policiyasy-pikir-bildirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.