Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Соғыс кезінде госпиталь болған": Ақтөбе облысында 91 жыл бұрын салынған мектеп ғимаратының тозығы жетіп тұр

Опубликовано:

Шалқар ауданындағы ескі мектептің іші
Шалқар ауданындағы ескі мектептің дәлізі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Ідіріс Үргенішбаев атындығы мектептің тозығы жетті. Тарихи ғимараттың салынғанына биыл 91 жыл, оның 65 жылында білім ордасы ретінде пайдаланылып келеді. Едені мен есіктері ескіріп, сыз тартқан мектеп жөндеуді қажет етіп тұр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қазір мектепте екі ауысыммен 654 оқушы білім алады екен.

Мектептің тозығы жетіп тұрғанын әр бұрыштан байқауға болады. Кейбір ағаш есіктер тесіліп, тұтқаның орнына шүберек байланған. Мектептің акт залының едені шұрық-тесік. Оқушылар жыртық линолеумға сүрініп, теннис ойнап жүр. Қол жуатын орынды тот басқан.

Тозығы жеткен есік
Тозығы жеткен есік. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Соғыс жылдарында госпиталь болған ғимарат. 1932 жылдан бері ел тұрғындары игілігіне пайдаланып келеді. Мектеп болғанына биыл - 65 жыл. Мүмкіндігінше жабдықталды. "Туған жерге тағзым" акциясы аясында бітіріп кеткен түлектер бірнеше кабинетті жабдықтап берді. Өткен жылы физика, химия, биология кабинеттері жабдықталып, тиісті аппараттар алынды",-дейді директордың орынбасары Шымберген Аманбаев.

Шалқар ауданындағы ескі мектеп
Шалқар ауданындағы ескі мектеп. Фото: KAZ.NUR.KZ

Мектептегі аядай кітапхана бөлмесі ызғар тартып тұр. Кітапханашының сөзінше, ғимараттың осы бөлігі қыста суық.

Мектеп кітапханашысы
Мектеп кітапханашысы Салтанат Еспенбетова. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Тар болғаннан бұрын - мұздай. Мектептің осы жағы салқын, жылымайды. Бір келгенде 15-20 бала сыяды. Негізінен балалар кітапты жаздырып алып оқиды. Кітап қоры 30 мыңнан асады. 22 мың оқулық бар",- дейді кітапханашы Салтанат Еспенбетова.

Информатика кабинеті техникалармен жабдықталған. Бірақ аяқ астында жатқан тоқ сымдарына сүрінуге болады. Мектептегі мұғалімдер бөлмесі де ескі көрінеді. Алайда директор кабинетінде жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Оның себебін аудандық білім бөлімі түсіндірді.

информатика кабинеті
Информатика кабинеті. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Директордың кабинеті демеуші көмегімен жөнделген. Жиһазы демеушілікпен сыйға берілді. Бұл - 1932 жылы салынған ғимарат. 1958 жылы мектеп болып жабдықталды. 2015 жылы жөндеу жұмыстары жүрді. Ол кезде бөлінген қаржының басым бөлігі мектеп шатырына кетті. Шатыр өте ескі болғандықтан екінші қабаттан қайта-қайта су кетіп қалатын. Қазір ол мәселе шешілді", - дейді Шалқар аудандық білім бөлімінің бас маманы Жансауле Бекетова.

мектеп директорының кабинеті
Мектеп директорының кабинеті. Фото: KAZ.NUR.KZ

Аудандық білім бөлімі аталмыш мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық білім басқармасынан 540 млн теңге сұрағанын атап өтті.

"Мектеп апаттық деп танылмаған. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының қажет етуіне байланысты 2021 жылдан бастап құжаттар жасалып, 2022 жылы жобалық сметалық құжат дайындалды. Еден, қабырға, жылу, ток жүйесі, есіктер жаңарады. Күрделі жөндеу қажет етіп тұрғандықан көп дүние ескі", - дейді Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Қази Жұмаханов

Ауданда осындай күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған екі мектеп бар. Біріншісі осы мектеп болса, екіншісі - Ә.Жангелдин атындағы білім ордасы. Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, аудандағы үш ауысымдық жалғыз мектеп мәселесі жақын арада шешілмек, себебі жаңа мектеп құрылысы жүріп жатыр.

Айта кетейік, Шалқар ауданында 35 мектеп бар, оның 10-ы қала орталығында орналасқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009923-sogys-kezinde-gospital-bolgan-aqtobe-oblysynda-91-zyl-buryn-salyngan-mektep-gimaratynyn-tozygy-zetip-tur/

pixel