ШҚО-да тұрғындар аспаннан қызғылт сары бұлтты көрген: экология департаменті жауап берді
Жарияланған күні:
ШҚО-да тұрғындар аспандағы қызғылт сары бұлттың видеосын желіде бөлісуде. Экологтардың айтуынша, бұл құбылысқа кен орнындағы жарылыс себеп болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Куәгерлердің Алтай өңірінде түсіріп алған аспандағы қызғылт сары бұлттың видеосына қатысты ШҚО экология департаменті пікір білдірді:
"Видеода Сажаев кен орнындағы жоспарлы жарылыс жұмыстары нәтижесінде пайда болған шаңды бұлтты байқауға болады. Жұмыс жобалық құжаттама бойынша жүргізілген" , - деп түсіндірді ШҚО экология департаментінің баспасөз қызметі.
Басылымның жазуынша, осындай құбылысты былтыр желтоқсан айында да Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары Өскемен-Алтай тас жолының аймағында байқаған.
Бұдан кейін жергілікті экология департаменті "Бұқтырма цемент компаниясы" ЖШС-не қатысты жоспардан тыс экологиялық аудит жүргізген.
"Тексеру барысында 2022 жылғы 4 желтоқсанда тапсырыс беруші "Бұқтырма цемент компаниясы" ЖШС-нің тапсырысымен Сажаев кен орнында жарылыс жұмыстары жүргізілгені анықталды. Жарылыс жұмыстары кезінде шаң қатты толқынмен атмосфераға көтеріледі. Яғни, санитарлық-қорғау шекарасы аймағында шаңды бұлт түзіледі. Кейіннен бұл шаң кен орнының аумағына түседі", - дейді экология департаментінің өкілдері.
Экологтар аспандағы шаңның ерекше түсін кен орны аймағындағы топырақтың қызыл болуымен байланыстырып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010230-sqo-da-turgyndar-aspannan-qyzgylt-sary-bultty-korgen-ekologiya-departamenti-zauap-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.