"Астана әлі көк түтінге көміліп тұр": Әлихан Смайылов халықты газбен қамтудағы проблемаларды тізіп берді
Жарияланған күні:
Бүгінгі үкімет отырысында еліміздің елдімекендерін газбен қамту мәселесі қаралып, премьер-министр Әлихан Смайылов Энергетика министрлігіне бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды үкіметтің ресми Telegram-арнасы.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекет басшысы елді газдандыруды 60 пайызға жеткізу жөнінде міндет қойған болатын. Жалпы "көгілдір отынға" 11,8 млн-нан астам тұрғыны бар 1 800-ден астам елдімекен қосылуы тиіс.
"Бұл тапсырманы Энергетика министрлігі, "ҚазМұнайГаз" және QazaqGaz компаниялары мен әкімдер толық көлемде орындауы тиіс", - дейді Әлихан Смайылов.
Бұдан бөлек премьер-министр 2019 жылы "Сарыарқа" магистральдық газ құбырының бойында тиісті инфрақұрылым тартылып, ол қажетті іске қосу кешендерімен жабдықталғанын атап өтті. Үкімет басшысының сөзінше, алайда Астана қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарын газға қосу қарқыны өте төмен деңгейде қалып отыр.
"Бұл өңірлердің тұрғындары газ тарату желілері жоқ, рұқсат құжаттарын алу қиын және газға қосылу қымбат деп шағымданады. Бұл осы өңірлерге ғана емес, сонымен қатар газбен қамтылған басқа өңірлерге де қатысты", - дейді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ үкімет басшысы мысал ретінде Алматы облысының Биғаш ауылының тұрғындарына ауылға газ тартуға 10 жыл бойы уәде беріліп келгенін айтты. Сонымен бірге ол Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Алшалы ауылының тұрғындары да бірнеше жылдан бері көгілдір отынды күтіп жүргенін жеткізді.
Премьер-министрдің айтуынша, ал Батыс Қазақстан облысының Зеленое ауылына (Орал қаласынан 5 шақырым жерде) газ 2014 жылы тартылған, бірақ газға осы күнге дейін әкімшілік ғимараттар ғана қосылған.
"Ауылдық елдімекендерден басқа, қалаларда да халықты газбен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар, Астана әлі де "көк түтінге көміліп", ауаның ластану деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Алматыда ЖЭО-2 жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі кейінге шегерілуде. Өңір әкімдері мен QazaqGaz компаниясына осы мәселелерді ерекше бақылауға алу керек", - дейді Әлихан Смайылов.
Сонымен бірге премьер-министр еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселесіне нүкте қоятын уақыт жеткенін, сондықтан Энергетика министрлігі "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, 1 мамырға дейін түпкілікті шешім қабылдауы қажет екенін айтты.
Әлихан Смайылов газ инфрақұрылымының әбден тозуы да – маңызды мәселе екенін алға тартты.
"Жылу желілері әбден тозып-біткен Екібастұз бен Рудныйдағы жағдайды бәріңіз көріп отырсыздар. Ал газ желілеріне қысым өте жоғары, сондықтан қауіп те жоғары. Магистральдық газ құбырларының басым бөлігі 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған және қомақты қаражатты қажет етеді", - дейді ол.
Бұл ретте, үкімет басшысы Энергетика, Төтенше жағдайлар министрліктері, әкімдер мен QazaqGaz тарапынан тұрақты түрде бақылау жүргізіліп тұруы тиіс екенін, газ инфрақұрылымын жаңғырту және уақытылы жөндеу жұмыстарына басымдық берілуі керек екенін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010378-astana-ali-kok-tutinge-komilip-tur-alixan-smaiylov-xalyqty-gazben-qamtudagy-problemalardy-tizip-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.