Жұманғарин тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік көлемін тексеруді талап етті
Жарияланған күні:
Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды үкіметтің ресми сайты.
Кеңесте өңірлердегі көкөністер бойынша тауар интервенциясының нәтижелерін және сауда нарығын трансформациялау сынды ауқымды мәселелер қаралды.
Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің мониторингіне сәйкес, өңірлерде әлеуметтік маңызы бар көкөністер белгіленген индикативтік бағаларға сәйкес келгенімен, Астана, Шымкент, Қарағанды қалалары және Солтүстік Қазақстан облыстарында олар белгіленген индикативтерден асып сатылатынын мәлімдеді.
"Көптеген аймақ бағаны тұрақтандыру тетіктерін қалай болса солай жүзеге асырып, жұмыстың оң нәтиже беруіне кедергі жасап отыр. Жекелеген өңірлерде келісімшарттар бойынша 5 айға дейін броньдау тоқтатылады, бұл ретте барлық көкқністер емес, қордың бір бөлігі ғана шығарылады. Атырау облысында 2022 жылдың қыркүйегінен бастап қала базарларындағы касса аппараты жоқ 6 сауда нүктесінде көкөністерді сату жүзеге асырылуда. Алматыда қырыққабаттан бронь алып тастау сәуір айына жоспарланған. Тиісінше, біз мұндай жағдайда маусымаралық тауар интервенциясының нәтижелерін ала алмаймыз", - деді сауда комитеті төрағасының уақытша міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков.
Көкөністердің тауарлық интервенциясының көлемі туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мәлімдеді.
"Ақпан айының басынан бастап картопты сату көлемі 7,1 мың тоннаны құрады, бұл бұрын келісімшарт жасалған көлемнің 8,6 пайызын ғана құрайды: сәбіз 2,8 мың тонна (10,2 пайыз), қырыққабат 2,4 мың тонна (11,8 пайыз), пияз 3,9 мың тонна (16,5 пайыз) ", - деді вице-министр.
Айдар Әбілдабековтің айтуынша, келесі аптада өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен "ТәжАгроПромЭкспорт" арасында ерте егін жинауға тікелей келісімшарттар жасасу үшін Тәжікстанға іссапар жоспарланған. Бұл ретте Абай, Жетісу, СҚО және Атырау облыстарында Тәжікстаннан жеткізілетін ерте жиналған пиязға қажеттілік жоғын, ал ШҚО мен БҚО үшін пиязды мамыр айында ғана алдырту керектігін айтты.
"Азық-түлік бағасы – әлеуметтік-экономикалық күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Бір апта ішінде өсім 0,3 пайызды құрады. Біз бағаны тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорларын құрдық, қорлардағы көкөністер бойынша бронь алып тастау қарқыны әлсіз. Қорлардың келтірген мәліметі бойынша сұрақ көп. Ауыл шаруашылығы министрлігіне барлық өңірде тұрақтандыру қорларында көкөністер мен олардың көлемін тексеруді тапсырамын" , - деді Серік Жұманғарин.
Сауда және интерграция министрлігінің бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев ірі сауда нарықтары жұмысының тиімділігін арттыру және жаңғырту жөніндегі жұмыстың барысы туралы мәлім етті. Оның сөзінше, "Алтын орда" нарығы еліміздің көтерме саудасының 40 пайызын құрайды.
"Күнделікті базарға он мыңға дейін тұтынушы барады. Орташа жүктеме 400 фура: көкөніс және жеміс-жидек өнімдері. Оның ішінде көрші елдерден әкелінетін азық-түліктер де бар", - деді ол.
Сонымен қатар кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатуға арналған автодүкендер, жылжымалы нүктелер құру жобасы ұсынылды. Олардың стационарлық сауда нүктелерінен артықшылығы, бағаға айтарлықтай әсер ететіні туралы талқыланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010851-zumangarin-turaqtandyru-qorlaryndagy-azyq-tulik-kolemin-tekserudi-talap-etti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.