40 жыл бойы тек биік өкшелі аяқ киім киетін ақтөбелік телережиссер жайлы не білеміз
Жарияланған күні:
Он жылдан астам Ақтөбе телеарнасының бас режиссері болған Гүлсім Омарқызы қысы-жазы биік өкшелі аяқ киіммен жүреді. Жасы 60-тан асқан режиссер биік туфлилерін 40 жыл бойы тастамай киіп келеді. Ол жастайынан телевизия саласының этикасын бойына сіңіріп, оны өмірінің дағдысына айналдырған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айтуынша, жұмысқа ешқашан жайлы аяқ киіммен келіп көрмеген.
"Анамның ақылымен биік өкшелі аяқ киім киюді әдетке айналдырдым. "Қалада жүрсің, жұмыс жасайтын жеріңде ел алдында жүрген азаматтармен кездесесің. Өзіңді таза ұстап, дұрыс жүр" деп анам үнемі айтатын. Туфлиді өзі алып берді. Анам аяғыма қалай биік туфли кигізді, солай жүрдім. Тастаған жоқпын. Ешқашан жұмысқа жайлы, кие салатын аяқ киіммен келіп көрмеппін. Қыс болса да, жаз болса да биік өкшелі аяқ киіммен жүремін. Сол кезден жұмысқа мұқият дайындалатынмын. Кейін бәрі әдетке айналды. Аяқ киімім ластанып қалса, жолда отырып тазалап алатынмын", - дейді Гүлсім Омарқызы.
Кейіпкеріміз қазір зейнетке шықса да сүйікті қызметінен алыстаған емес. Телеарнада келісімшартпен жұмыс істеп, жастарға ақыл-кеңесін беріп жүрген көрінеді.
"Зейнетке шыққанымда ұлым "мама, сен әже болдың, биік аяқ киімдерді тастасайшы, шаршайсың" деп айтқан. Мен оны байқамайды екенмін, маған осы жайлы. Ерте тұрып бір немеремді балабақшаға, екіншісін бассейнге апарамын. Мектептеріне апарып, жүгірім жүрсем де биік өкшелі аяқ киімді шешпейді екенмін. Аяқ киімдерімнің бәрінің өкшесі биік. Дүкенге барсам биік аяқ киімдердің қасында тұрамын. Әдет. "Жұмысқа жайлы сүйретпе әкеп қойсаңызшы" деп жататындар бар. Мен ондай аяқ киіммен жүре алмаймын, сән қумаймын, моншақ-сырға тақпаймын. Әр нәрсенің де өзіме ыңғайлы болғанын қалаймын", - дейді ол.
Айтуынша, телевизия саласына 21 жасында кездейсоқ келген. Қазір ол Ақтөбедегі жергілікті телеарнада 1981 жылдан бастап еңбек етуде.
"Басында телевизияның не екенін білген жоқпын. Қалаға оқуға келген кезім. Сол кезде радио арқылы телеарнаға бірнеше қызметкер іздеп жатқаны хабарланды. Диктор болғысы келген құдашам айтылған мекенжайға еріп баруымды өтінді. Бардық. Телеканалға кіріп кеткен құдашамды есік ауызында күтіп отырған едім. Әлімжан Сатыбалдиев деген журналист ағай есік алдында отырған менен жөн сұрады. Сол жерде қазақ мектебін бітіргенімді естіп, бірден жұмысқа шақырды. Қазақ бөліміне машинка басытын адам керек екен. Мені студияға алып келді. Студия дегенді бірінші рет көруім. Аузым ашылып, ана жерден шыққым келмей қалды. Машинкада теруді білмесем де, "істеймін" деп айта бердім. Ол кезде компьютер жоқ. Күні бойы қасында отырып, бәрін қарап алдым. Ертеңіне өзім машинкамен жұмыс істеуді бастап кеттім.
Журналистердің әртүрлі тақырыпқа жазған материалдарын теремін. Кешке үйге барғанда бір күнде бір кітап оқып тастағандай жүретін едім. Таңертең жұмысқа келгенше асығамын. Маған материалдарды оқу қызық болды" ,- дейді Гүлсім Омарқызы.
Әрі қарай тиянақты әрі алғыр жас маманды телевизияның бас режиссері көріп, режиссердің көмекшісі болуға шақырады.
"Ол кезде барлық хабар тікелей эфирде өтетін. Оператордың қасында студияның ішін реттеп отырамыз. Тоқсаныншы жалдары Алматыдағы орталық телеарнаға оқуға бардым. Сол кезде телеарна Жапония телеарнасымен бірлесіп, Невада-Семей тақырыбында тікелей эфир өткізді. Алматыда таңғы сағат 3:00, ал Жапонияда күндізді сағат 14:00. Жүргізуші болып Владимир Познер келді. Бағдарламаны Гүлжан Ерғалиева екеуі жүргізді. Эфирге Олжас Сүлейменов ағамыз қатысты. Зардап шеккен адамдар отырды.
Сол халықаралық эфирде ассистент болуға сұрандым. Оның барлығы мен үшін тәжірибе болды. Жақсы режиссерлердің мектебінен өттім. Тәжірибелі операторлар режиссер болуыма үлес қосты. Кез келген көріністің әдемі жағын тауып көрсету, жылдам ұйымдастыруың керек. Телевизия саласында бір күн екінші күнмен қайталанбайды. Қызығы сол. Бұл салаға келгеніме өкінбеймін. Қырық жыл бойғы өмірім осы жерде өтті. Мен үшін телевизия – өмір", - дейді ол.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010890-40-zyl-boiy-zumysqa-tek-biik-okseli-ayaq-kiim-kiip-keletin-aqtobelik-telerezisser-zaily-ne-bilemiz/