Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алғашқы Балқаш мысына 85 жыл: мыс балқыту зауыты қалай іске қосылды

Опубликовано:

"Қазақмыс"
Көрнекі фото: "Қазақмыс"

1938 жылғы 24 қараша - Қазақстан металлургия саласы тарихына алтын әріппен жазылған күн. Бұл күні Балқаш мыс балқыту зауытында алғаш рет тазартылмаған мыс алынған. Осылайша түрлі ұлт өкілдерінің еңбектегі ерлігінің, достығының және өзара түсіністігінің арқасында пайда болған мыс алыбы өз жұмысын бастаған еді.

БМЗ тарихы қалай басталды

Балқаш мысының тарихы ленинградтық геолог Михаил Русаков Қоңырат шоқысында құнарлы руда қоры барын растаған 1928 жылдан бастау алады. Жылдар өткен соң Қоңырат өңірінде кешенді экспедиция жан-жақты барлау жұмыстарын жүргізе бастады және оның нәтижесі бойынша аталған кен орны елдегі мыс қоры бойынша алғашқы орында тұрғаны анықталды.

1932 жылы мыс алыбын салу үшін 100 миллион рубль көлеміндегі қаражат бөлінді. Ал алты жылдан соң, 1938 жылдың наурыз айында мұнда алғаш рет кен байыту фабрикаларының жабдығы сынақтан өткізіліп, алғашқы Балқаш концентраты алынды.

Металлургия өндірісі дәл сол жылдың шілде айында, алғашқы шағылыстыру пеші іске қосылған кезден басталды. 38 жылдың күзінде тұңғыш рет Балқаш мысы алынды. Қазір бұл оқиға туралы металлургия цехінің кіреберісінде орнатылған мемориалды тақта еске салып тұр. Алғашқы Балқаш мысының құймасы Мәскеудегі Революция музейінде сақтаулы.

85 жыл ішінде зауыт өрлеу кезеңінен де, құлау кезеңінен де өтті. 90 жылдарға дөп келген өнеркәсіптің жалпыға бірдей құлдырау кезеңінде де біршама қиындықтарды бастан кешірді. Бірақ Балқаш металлургтері сынақтардан сүрінбей өтіп, бірегей өндірісті сақтап қала алды.

Балқаш мыс балқыту зауытының "отты сынағынан" Қазақстандағы бүтін бір металлургия саласы, сонымен бірге зауыттың дамуы мен қалыптасуында елеулі рөл атқарған жұмысшылардан, инженерлік-техникалық қызметкерлерден, басшылардан құралған саңлақтар тобы өткен.

"Қазақмыс"
Фото: "Қазақмыс"

БМЗ-ның бүгіні: қарқынды жұмыс

Бірнеше онжылдықты артқа тастаса да, бүгінде Балқаштағы мыс қоры азаяр емес, ал елдегі ежелгі кәсіпорындардың бірі болып саналатын БМЗ тұрақты жұмыс істеп, өндірістік қарқынын бәсеңдете қойған жоқ. "Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)" ЖШС-ның Балқаш мыс балқыту зауыты әлі де Балқаш өңіріндегі қала құраушы негізгі кәсіпорын, ал мұнда өндірілетін мыс, күміс және алтын Қазақстанның, сонымен бірге таяу және алыс шетел экономикасының экспорттық секторында берік орын алған. Бүгінгі күні мұнда шамамен 3 мыңнан астам адам еңбек етуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2011190-algasqy-balqas-mysyna-85-zyl-mys-balqytu-zauyty-qalai-iske-qosyldy/

pixel