Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шашы ғана көрініп тұрды:" Маңғыстау облысында тұрғын мұз жарылып, суға кеткен баланы қалай құтқарып қалғанын айтты

Опубликовано:

Ертөстік Қаленов
Ертөстік Қаленов: Ақжайық басылымы

Маңғыстау облысында Ертөстік Қаленов бастаған ауыл тұрғындары және №47 жедел жәрдем командасы мұз астына түсіп кеткен баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Ақжайық басылымы.

Басылымның жазуынша, оқыс оқиға 26 ақпан күні Құрманғазы ауданы Байтарал елдімекенінде болған.

Осы ауылдағы Сурхан өзенінде үш бала мұз үстінде ойнап жүргенде кенет мұз жарылып, бірі суға түсіп кеткен. Оған көмекке барған әйел адам да суға батып кете жаздаған.

Балалардың шырылдап, көмек сұрап айқайлаған даусын үйде отырған Ертөстік Қаленов естіп, оларға көмекке жеткен.

"Түс қайта үйде едім. Бір уақытта өзен жақтан балалардың шырылдап көмек сұраған айқайын естідім. Сурхан өзені біздің үйден 30-40 метр шамасындай жерде. Аяғыма аяқ киім киюге де мұршам болмай, жалаңаяқ тұра жүгірдім. Үстімде трико, қысқа жең футболка. Өзенде бір әйел суға бір батып, бір шығып жүр. Есі шығып кеткен. Әйелді өзеннен суырып шығарған кезде, ол баланың суға батып кеткенін айтып, айқайлап жылап жіберді", – дейді Ертөстік Қаленов.

Ауыл тұрғынының айтуынша, мұз астына түсіп кеткен баланың шашы ғана көрінген.

"Жағдай мен ойлағандай болмады, ойылған мұзға түсіп кеткен баланың шашы ғана көрініп тұрды. Жата қалып балаға қарай ұмтылдым. Бір уақытта қолым шашына ілікті, жабысып айырылмай өзіме қарай күштеп тартып шығардым. Бала ес-түссіз жатты, "өліп қалды ма" деген ой да келіп жатыр. Өзімше алғашқы көмек көрсетіп жатқанда, көршім Асланбек келді. Баланы оған қалдырып, үйге жүгіріп келіп, "103" нөміріне хабарладым. Бригада келгенше, телефон арқылы алғашқы көмекті қалай жасау керек екенін түсіндіріп тұрды", – дейді Ертөстік Қаленов.

Маңғыстау облысындағы №47 жедел жәрдем командасы
Жедел жәрдем қызметкерлері. Фото: Ақжайық басылымы

Жедел жәрдем қоңырау түскеннен кейін жеті минутта оқиға орнына жеткен. Медицина қызметкерлері ес-түссіз, тіршілік белгісі жоқ, клиникалық өлім үстінде жатқан 9 жасар баланы реанимациялық шаралар қолданып, аман алып қалған.

"Баланың гемодинамикасы тұрақтанған соң, аудандық ауруханаға жеткізілді. Бүгінде өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ", – дейді ақхалаттылар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2011360-sasy-gana-korindi-mangystau-oblysynda-auyl-turgyny-muz-zarylyp-suga-ketken-balany-qalai-qutqaryp-qalgandaryn-aitty/

pixel