Қазақстанда қоғамдық орында айтылған балағат сөз үшін жаза күшейтілді
Жарияланған күні:
Бүгін, 6 наурыздан бастап Қазақстанда қоғамдық орындардағы балағат сөз үшін жаза қатаңдатылып, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске" енгізілген түзетулер күшіне енді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Биыл қаңтар айының басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқық бұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойған болатын.
Кейін Ішкі істер министрлігі бұл заңды түсіндіріп, өзгерістер қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу мақсатында қабылданып отырғанын жеткізген еді.
Ведомство бұл заңның аясында ұсақ бұзақылық үшін яғни, қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, жеке тұлғаларға тиісу, қорлау, сондай-ақ ғимарат ішінде, көпшілік жүретін орындар мен қоғамдық орындарда және көліктегі қорлау әрекеттері үшін жаза күшейтілетінін атап өткен болатын.
Бейәдеп сөздер мен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жаза қалай өзгерді?
Егер бұрын ұсақ бұзақылық үшін 5 АЕК (17 250 теңге) көлемінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы белгіленсе, енді түзетіліп күшіне енген заң бойынша айыппұл сомасы 20 АЕК-ке яғни, 69 мың теңге дейін өсіп отыр. Немесе 5 тәуліктен 30 тәулікке дейін қамауға алу жазасы белгіленген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2011840-qazaqstanda-qogamdyq-orynda-aitylgan-balagat-soz-usin-zaza-kuseitildi/