"69 мың теңге көлемінде айыппұл": Қандай жағдайда балағат сөз үшін жаза қарастырылған

Опубликовано:

ашуланып тұрған ер адам
Ашуланып тұрған ер адам. Көрнекі фото: pexels.com

ІІМ Әкімшілік полициясы комитеті басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев балағат сөздерді қолданған азаматтарға қарастырылатын жаза түрлері жайлы айтып берді, деп хабарлайды Polisia.kz ақпараттық медиапорталы.

Азамат Құрымбаевтың сөзінше, Қазақстан заңнамасында балағат сөздер үшін жауапкершілік бұрыннан көзделген.

Мәселен, қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде қорлау – бұл қылмыстық теріс қылыққа жатады.

ІІМ өкілі бұл үшін 100 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 120 сағатқа дейін түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту сынды жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.

Бұдан бөлек ол отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұрған адамдарға айқын құрметсіздік білдіретін және қылмыс құрамын қамтымайтын балағат сөздер мен басқа да әрекеттер үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік барын еске салды. Бұл үшін құқық бұзушыға сот арқылы ескерту беру немесе 5 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Сол сияқты ІІМ өкілі ұсақ бұзақылық мәселесіне де тоқталып өтті. Айтуынша, бұған қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиісу, ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру, айналасындағыларды сыйламау және қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер жатады.

Бұл ретте, ІІМ өкілі ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілік қоғамдық орындарда, айналасындағыларды сыйламау, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, балағат сөздер айтылған жағдайда ғана туындайтынын айта кетті.

Сонымен қатар Азамат Құрымбаев биылдан бастап ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жаза күшейтілетінін еске салды.

"Бұл ең алдымен, қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу мақсатында жасалды. Қазір автобуста біреу балалардың немесе аға буын адамдардың көзінше, яғни қоғамдық орында, айналасындағыларды сыйламай, қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан жағдайда, бұл үшін айыппұл 17 250 теңгені құрайды немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады. 6 наурыздан бастап мұндай әрекеттер үшін 20 АЕК (69 мың теңге көлемінде) айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделген", - дейді ол.

Бұған қоса Азамат Құрымбаев әрбір өтініш бойынша полиция қызметкерлері дәлелдемелер жинайтынын, оған азаматтардың өтініші, куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ құқық бұзушылықтың аудио, бейнетүсірілімі, қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысы жатанынын атап өтті. Десе де, ведомство өкілі соңында құқықтық бағаны сот беретінін жеткізді.

ІІМ өкілі "Жеке меншік жерлерде, яғни үй, көлікте орын алған балағаттаулар үшін азаматтар жазалана ма?", "Әлеуметтік желідегі балағат сөздер үшін қалай айыппұл салын ма?" деген сауалдарға да жауап берді.

"Атап өткенімдей, бәрі мән-жайларға байланысты. Ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тарту үшін қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, айналасындағыларға сыйламаушылық білдіру, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу міндетті шарт болып табылады.

Ал әлеуметтік желілерде балағат сөздер айтқаны үшін, егер бұндай әрекеттер қоғамдық орындарда немесе айналасындағыларға сыйламаушылық танытып, азаматтардың тыныштығын бұзса, бұл ұсақ бұзақылық бабымен қарастырылады", - дейді Азамат Құрымбаев.

Сөз соңында спикер балағат сөздің қай тілде айтылғаны маңызды емес екенін, жоғарыда аталған жағдайлар орын алса азаматтар жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005188-69-myn-tenge-koleminde-aiyppul-qandai-zagdaida-balagat-soz-usin-zaza-qarastyrylgan/