Еуропаға аты шыққан қазақ шабандозы елден неге кеткенін ашық айтты
Жарияланған күні:
Бауыржан Мырзабаев - Еуропада үздік шабандоз ретінде сұранысқа ие спортшы. Қазақ жігітінің есімі ат спорты дамыған жапон елінде де танымал. Соңғы рет Бауыржан Жапонияда өткен жүлде қоры 4 млн еуроны құраған бәйгеде жеңімпаз атанған. Сұрауы бар арнасына сұхбат берген спортшы бұл дәрежеге қалай жеткені туралы айтып берді.
Бауыржан Мырзабаев қазір Еуропада тұрады. Ол жақында жапон елінде болып, 21 бәйгеге қатысып келген. Ол бұл спорттан қанша табыс табатынын айтты.
"Жапониядағы бәйгелердің жүлде қоры өте үлкен болды, 21 бәйгенің бәрін қосқанда жүлде қоры - 4 млн еуродай, әрине, оның бәрі маған емес, ат иелеріне беріледі. Маған тиесілісі - бес пайыз", - дейді ол.
Айтуынша, жапондарда ат спорты Еуропадан да жоғары дәрежеде.
"Жапонияда жарыстарға үлкен ақша тігіледі. Халық ставка көп тіккен соң, содан түскен ақша қайтадан бәйгеге құйылады. Сөйтіп, бәйгенің дәрежесі жоғарылайды. Ат иелерінің қызығушылығы артып, олар көп ақша салады, қымбат аттарды алады", - дейді Бауыржан Мырзабаев.
Кішкене күнінен ат құлағында ойнап өскен қазақ жігіті неліктен шетел асқанын түсіндірді.
"Біздегі ат спорты, менің ойымша, көзіңе жас келетін дәрежеде. Үмітсіз шайтан дейді ғой. Күндердің күнінде сондай дәрежеге біз де жетерміз деп ойлаймын. Бізде ат спорты ең төменгі сатыда қалып қалған. Бізде бәйгелер бар, онда 3-4 сынып оқитын балаларды бәйгеге шаптырады. Оған ат иелері 5-10 тиынын беріп баланы атқа елітіп, қызықтырады. Бала 3-4 жыл бәйгеге шабады. Содан кейін салмағы өсіп кетеді. Соның арасында мектебі жайына қалады. 15-16 жасқа келгенде ол бала ешкімге керек болмай қалады. Өйткені мектепте дұрыс оқымаған, спорт мансабы бітіп қалған.
Мүмкін сол балалар мектепте жақсы оқыса, жақсы азамат болып шығар ма еді?! Тек бірен-саран бала аламан бәйге жаттықтырушысы болады, бірақ оның болашағы жоқ. Менің кетіп қалған себебім сол, мен де солай бастағанмын. Осы спортпен кәсіби түрде айналысу үшін Еуропаға кеттім. Бірақ әр балаға мұндай мүмкіндік жоқ. Бөтен мемлекетке барып, танылу оңай нәрсе емес. Менің ойымша, өз елімізде осы спортты дамытсақ, қанша балаға жұмыс болар еді", - дейді шабандоз.
Спортшының сөзінше, бәйге Еуропада танымал болғандықтан, бұл спорттағы мамандар да еліміздегі боксшылар, әншілер сияқты дәрежеде.
Бауыржан өзін Чехия, Германия сынды Еуропаның біраз елі жақсы танитынын айтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2013147-bizde-at-sporty-en-tomengi-satyda-qalyp-qalgan-europaga-aty-syqqan-qazaq-sabandozy-elden-nege-ketkenin-asyq-aitty/