"Мұзды ойып, қайықты сүйредім": Ақтөбе облысында суға кеткен аудан халқын құтқару жұмысы қалай жүріп жатыр
Жарияланған күні:
Көктемгі су тасқыны Ақтөбе жұртын әбігерге салды. Осы уақытқа дейін облыстық ТЖД-ға жергілікті тұрғындардан көмек сұраған 2029 өтінім келіп түскен. Төтенше жағдай жарияланған Қобда ауданындағы жағдайды аудан әкімі Болат Құлов баяндады. Сондай-ақ өңірдің өрт сөндірушілері ауыл тұрғындарын құтқару жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Аға өрт сөндіруші Азамат Ермағамбетов төтенше жағдай кезінде көмек беру әр құтқарушының міндеті екенін айтады.
"Қобда ауданында құтқару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Судың бетіне мұз қатқандықтан қайықтың өздігінен қозғалуы қиын болды. Қайықпен жүзе алмаған ауыл тұрғындарына көмектестік. Мұзды ойып, қайықты алға сүйредім. Ол тек жалғыз менің жұмысым емес. Әрбір қызметкер осылай жұмыс істеуге дайын. Құтқарушылар бірлесіп жұмыс жасауда", - дейді аға өрт сөндіруші.
ТЖ департаментінің хабарлауынша, автожолдар мен аула аумақтарынан еріген қар суларын айдау және бұру жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Байғанин, Қобда, Ырғыз, Мәртөк, Мұғалжар, Ойыл, Темір және Шалқар аудандарында бөгеттер қойылған.
Облыс әкімдігінде өткен брифингте төтенше жағдай жарияланған Қобда ауданының әкімі Болат Құлов өңірдегі жағдайды тікелей эфирде баяндады.
"Байтақ ауылына қатынас шектелді. Кеше оларға моторлы қайықпен барып, азық-түлік апарып бердік. Ал электр энергиясы туралы айтар болсақ, ауылға электр тогы Қобда ауылындағы шағын станция арқылы тартылады. Негізгі тірегі су ішінде қалды. Бүгін өзен суы қайта бастады. Алдағы 2-3 күнде су қалыпқа келіп, біз жарықты қосамыз деп ойлаймыз. Ауылда үйлерді су басқан жоқ. Мұнда шамамен 220 үй бар", - дейді Болат Құлов.
Аудан әкімі желіде тараған Жарық ауылындағы дамбаның жарылу қаупі бар деген ақпаратты растамады.
"Жарық ауылында тұрмын. Моторлы қайықпен арғы бетке өттік. Ауыл тұрғындарымен кездестік. Жарық бар, су бар. Өзен жағадан шығып, жолды жайлады. Көпір бұзылған жоқ. Қобда өзені ауданды қақ бөліп өтеді. Қызылжар, Жиренқопа ауылына дейін барамыз. Жарық ауылында гирдотехникалық құрылғы орнатылған. Бәрі ашылған. Шлюз толтырып жатыр. 3400 көлтабан, суармалы жер бар", - дейді Қобда ауданының әкімі.
Ойыл ауданының әкім де аудандағы жағдай қалыпты екенін хабарлады. Ойыл өзенінің суы Қайыңды, Саралжың, Ойыл ауылы округтерінің аумағына кірген.
Ойыл ауданыныдағы жағдай да қалыпты.. Жол қозғалысы қиындық тудыруда. Ауданда су басу қаупі бар үш елдімекен болды. Оның бірі - Екпетал ауылы. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ауылдан 105 адам эвакуацияланды. Оның 55-і бала. Тұрғындар аудан орталығындағы мектеп-интернатқа орналастырылды. Ауылдағы малдар қауіпсіз аймақта. Атап айтқым келеді, Еңбекталға су кірген жоқ. Бұл қауіпсіздік үшін жасалған шаралар. Ауыл айналасындағы дамбалар нығайтылды",- деді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2013195-muzdy-oiyp-qaiyqty-suiredim-aqtobe-oblysynda-suga-ketken-audan-xalqyn-qutqaru-zumysy-qalai-zurip-zatyr/