БҚО-да қатты соққыға жығылған жігіттің денесі табылды: судьяның ұлы қамауға алынды
Жарияланған күні:
БҚО Бәйтерек ауданы Октябрьское ауылының маңынан қатты соққыға жығылған жігіттің денесі табылған соң оралдық судьяның ұлы қамауға алынды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық соттары Facebook желісіндегі ресми парақшасында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ
Бұқаралық ақпарат құралдарында денсаулыққа қасақана, ауыр зиян келтіріп абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған іс бойынша күдіктілердің бірі оралдық судьяның ұлы екені туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ күдіктінің үйқамаққа шығарылғаны да хабарланды. Осы оқиғаға қатысты Батыс Қазақстан облыстық соты мәлімдеме жасады.
"Прокурордың өтініші бойынша облыстық сот бұлтартпау шарасын қарап, алқа қаулысымен қамауға алу шарасына өзгертілгенін хабарлаймыз", - деп түсіндірді Батыс Қазақстан облыстық соты.
Хабарламада кәмелет жасына толмаған жігіттің Қылмыстық кодекстің (106-баптың 3-бөлігі) және басқа да баптары бойынша күдікке ілінгені айтылған.
"Сонымен қатар кәмелетке толмаған күдікті Орал қаласының №2 соты судьясының бірінші некеден туған ұлы екенін хабарлаймыз. Жеке деректер туралы заңға сәйкес біз күдіктінің аты-жөнін жариялай алмаймыз", - деді сот өкілдері.
Одан бөлек, ведомство Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес басқа мәліметтер жарияланбайтынын атап өтті.
Еске сала кетсек, бұған дейін өңірлік полиция департаменті 13 наурызда БҚО Октябрьское ауылының шетінде ұрып-соғу белгілері бар 22 жастағы ер адамның денесі табылғанын хабарлаған болатын.
Сол кезде оқиғаға қатысты 2003 жылы туған жігіт пен 2005 жылы туған жасөспірім ұсталғаны хабарланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2013579-bqo-da-qatty-soqqyga-zygylgan-zigittin-denesi-tabyldy-sudyanyn-uly-qamauga-alyndy/