Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкесі - татар, анасы - орыс, күйеуі - қазақ": Наурызда 3 ұлттың өкіліне дастархан жаятын өскемендік келіншек жайлы не білеміз (фото)

Опубликовано:

Оксана Калиакперова
Оксана Калиакперова. Фото: instagram.com/oksanakaliakperova

Қазаққа келін атанған өскемендік Оксана Калиакперова Ұлыстың ұлы күнінде үйде наурыз көже мен түрлі ұлттық тағамдарды әзірлеп, қонақ күтуді дәстүрге айналдырған. Бұдан бөлек, ол отбасымен жыл сайын үш ұлттың да мейрамын атап өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттіктің мәліметінше, 36 жастағы Оксана Өскемен қаласында дүниеге келген. Оның әкесі - татар, анасы - орыс, күйеуі - қазақ.

Оксана 2013 жылы Мирас есімді қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан.

"Күйеуім Мираспен 2007 жылы жұмыста таныстық. Мен қаладағы "Калкен ТВ" телеарнасында видеомонтажер болып жұмыс істеп жүрдім. Ол бізге оператор болып жұмысқа орналасу үшін тағылымдамадан өтуге келді. Басшылық маған "Өзің оған камераны қалай ұстауды, жарықты қосуды, ракурсты ауыстыруды үйрет" деді. Осылайша, әріптес ретінде сөйлесіп жүрдік. 2008 жылы көңіліміз жарасқан соң кездесе бастап, 5 жылдан кейін үйлендік", - дейді ол.

Оксананың сөзінше, алғашында әкесі жағынан туыстары тойға қарсы болған. Алайда кейін жақынырақ танысқаннан соң батасын берген.

"Мирас ақкөңіл, ақжарқын мінезді, әрдайым күлімдеп, өзгеге қолынан келгенше көмектесіп жүреді. Тойымыз жақсы өтті. Тек бір той жасадық. Қазақ, татар, орыс халықтарының салт-дәстүрін сақтадық. Беташар да болды. Той қыста өткендіктен аязға байланысты Ресей жақтағы туыстарым келе алмай қалды", - дейді Оксана.

Бүгінгі таңда Мирас пен Оксана екі бала тәрбиелеп отыр. Қызы Самина - 9 жаста, ал ұлы - Бахтияр 7-де. Отағасы қазір жеке кәсіппен айналысады.

"Жыл сайын қазақ, татар, орыс халықтарының мерекесін атап өтеміз. Әсіресе, Наурыз, Құрбан айт, Сабантой, Масленица, Пасха мейрамдарын асыға күтеміз. Оның үстіне Ұлыстың ұлы күні - енемнің туған күні. Үйде ет асып, наурыз көже мен бауырсақ пісіріп, қонақтарды қарсы аламын", - дейді Оксана.

Мирас пен Оксана ата-анасы, балаларымен.
Мирас пен Оксана ата-анасы, балаларымен. Фото: instagram.com/oksanakaliakperova/

Оксана Наурыз мейрамында дастархан басында үш ұлттың өкілі жиналып, емен-жарқын әңгімелесіп, көңілді отыратынын айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2013849-akesi-tatar-anasy-orys-kuieui-qazaq-nauryzda-3-ulttyn-okiline-dastarxan-zayatyn-oskemendik-kelinsek-zaily-ne-bilemiz-foto/

pixel