Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"І Елизавета "өкіл қызым" деген атақ берген": Англия патшайымының кеңесшісі болған Ару Сұлтан кім

Опубликовано:

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Ару Сұлтанның портретінің қасында
Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Ару Сұлтанның портретінің қасында. Фото: baq.kz

16 ғасырдағы Елизавета патшайымының сарайында кеңесші болған Ару Сұлтан жайлы тың деректер жарияланды. Бұл туралы заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров BAQ.kz cайтына берген сұхбатында айтты.

Ғалымның айтуынша, Ару Сұлтан І Елизавета патшайымның сарайында қызмет еткен, болжам бойынша 16 ғасырдағы Қазақ мемлекетінің тұңғыш дипломатиялық өкілі. Оның портреті Лондондағы әйгілі Хэмптон-Корт атты Генрих сегізінші салған сарайдың қабылдау бөлмесінде ілулі тұр.

"Ол анамыздың портретін елімізге алып келдім. Ару Сұлтан Англия патшайымы І Елизавета патшайымның сарайында 1561 жылдары қызмет еткен қазақ аристократиясының ғана емес, түркі жұртының, мұсылман атаулының тарихындағы тұңғыш адам. Ару Сұлтан - Англия патшайымы І Елизаветаның кеңесшісі әрі өкілі болды.

Ару Сұлтан өзінің білімінің, дипломатиясының, сұлулығының арқасында кеңесші болды, кейін оған патшайымның дипломаттарға деген ерекше ілтипат белгісі – ағылшын патшайымы І Елизавета "өкіл қызым" деген бейресми атақ берді", - дейді Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

Ғалымның сөзінше, Ару Сұлтан қазақ әйеліне тән көйлек пен шапан киген. Шапаны - қазақи геометриялық өрнектермен безендірілген. Ағылшын суретшісі оның суретін саларда оған қазақы сәукеле мен бас киім кигізген.

Суретші бейнелеген портретте Ару Сұлтан Хэмптон Корт корольдік саябағындағы ағаш жанында тұр, ал оң қолын ағылшын рәміздерінің бірі – король бұғысының басына қойған.

"Тек оның аяқ киімі қазақтың ұлттық аяқкиіміне ұқсамайды. Оның аяғында патшайымның сыйға тартқан ағылшын әйелдерінің жалпақ барқыт аяқ киімі, ол туралы ақпарат корольдік шежірелерде анық жазылған", - дейді Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

Ару Сұлтан 1576 жылы қайтыс болған және туған жылы белгісіз. Тарихшының зерттеуінше, І Елизавета патшайымның сарайында қызмет еткенде ол 29-30 жас аралығында болған және Лондонда 15 жыл тұрған.

Сонымен қатар ғалым ағылшын дереккөздерінен алынған мәліметтерді қоспағанда, Ару Сұлтанның жеке өмірі туралы деректер аз екенін атап өтті.

Ал "Оның қазақ екенін, түркі текті екенін қалай білеміз?", - деген журналистің сұрағына тарихшы нақты дәлелдермен жауап берген.

"Біз неге Ару Сұлтан татар, башқұрт не ноғайда емес, қазақ дейміз? Олай дейтініміз, сол жылдарда – ағылшын елшісі Энтони Дженкинсон келген жылдары (1557-1572 жылдар) Хақназар хан тұсында Қазақ мемлекеті (1538-1580 жылдары) өркендеген еді. Оның билігі кезінде мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатында айтарлықтай өрлеу болды. Хақназар ханның кезінде Қазақ мемлекетінің геосаяси субъективтілігі күшейе түсті. Бұл туралы көптеген тарихи дерек, соның ішінде орыс деректерінде жазылған.

П.И. Рычков өз еңбегінде былай деп жазады: Акиазар (Хақназар) хан тек ноғайлар мен башқұрттарға ғана емес, сонымен бірге Қазан, Сібір, Астрахань, Бұхар және Хиуа хандығына, онымен қоса басқа да көптеген қалаға иелік етіп, олардан алым-салық алып отырған.

Ағылшын елшісі Энтони Дженкинсон Қазаннан Астрахань мен Сарайшық арқылы, Бұхара мен Самарқандқа жасаған көптеген сапары саяси жағынан да, ағылшын елшісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан да оған қазақ билеушісі Хақназар хан ізгі ниет танытты.

Егер Дженкинсон бұл аймақта 15 жыл бойы (1557 жылдан 1572 жылға дейін) сапарлағанын ескерсек, ағылшын елшісі Хақназардың қамқорлығынсыз – барлау, сауда-саяси саяхаттары, миссияларына қол жеткізе алмас еді.

Сол ғасырда ағылшын-қазақ байланысы, олардың Қазақ мемлекеті немесе Қазақия сияқты Еуразияның осындай қуатты мемлекеті ағылшын-мәскеу саяси-экономикалық қарым-қатынасына балама болды. Оның үстіне елші Дженкинсон ағылшын-үнді саудасының ілгерілету үшін, жалпы алғанда, Қазақ мемлекетінің ұлан-ғайыр жерінен өтпей, азақ билеушілерінің қамқорлығынсыз Үндістанға жету мүмкін емес екенін түсінді. Кейін 1570-1572 жылдар аралығында сауда және саяси экспедицияларында Парсы арқылы Үндістанға баратын балама жол іздеді. Кейін сол Үндістанға барар бағытты көп бөгейтін, осы жолдарды бақылайтын ықпалды ел өкілдері І Елизаветаның сарайына шақырылды. Оған қазақ өкілдері де барды.  

Ару Сұлтан Лондонда дипломатиялық өкілдік ашуға және екіжақты Қазақстан-Еуропа байланыстарын одан әрі орнатуға және нығайтуға шақырылды. Осылайша, Ару Сұлтанның бізге этникалық және этно-конфессиялық қатыстылығы туралы мәселе логикалық тұрғыдан өз дәлелін табады", - дейді Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

Сондай-ақ тарихшы Хақназар хан мен Ару Сұлтанның туыстық байланыс бар-жоғы белгісіз екенін, тарихи деректерде Хақназардың туысы ретінде Ару Сұлтан аталмайтынын айта кетті.

"Ағылшын архивтеріндегі, Шығыс деректері және кітапханалардағы тарихи құжаттар Ару Сұлтанның шығу тегін растайтын құжатты табуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Бұл мұрағаттарда қазақ билеушілерінің сақина мөрлерінің ізімен расталған құжаттар болуы мүмкін. Егер Ару Сұлтан қазақ мемлекетінің елшісі болған деген жорамалымыз дұрыс болса, ол қазақтардың билеуші ​​ақсүйектерінен сенім грамоталарын алып келуге тиіс еді", - дейді Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2014342-qazaq-memleketinin-tungys-diplomatiyalyq-okili-angliya-patsaiymynyn-birinsi-kenessisi-ari-okili-bolgan-aru-sultan-kim/

pixel