Оразаны арықтау мақсатында ұстаған дұрыс па: дін мамандары жауап берді
Жарияланған күні:
Рамазан айында тұтатын оразаны арықтау үшін ұстауға бола ма? Аталған сауалға Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты muslim.kz сайтының мамандары жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ресми сайт оқырмандарының бірі біраз адамның ойында жүрген "оразаны арықтау мақсатымен әрі көппен бірге ұстай салайын деп ұстауға бола ма" деген сауал қойған.
"Оразаны тек арықтау үшін немесе денсаулығым жақсарсын деген мақсатпен, яки көппен бірге ұстау дұрыс емес. Әуелі ниетті түзеп, бір Алланың ризалығы және парыз болғандығы үшін ұстайды. Сонда Алланың разылығын да алады, денсаулығына да оң әсері тиеді.
Кез келген құлшылықтың қабыл болуы ниетке байланысты. Себебі, пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисте: "Амалдардың барлығы ниетке байланысты", – деген. Олай болса біздің Рамазан айында жасаған құлшылықтарымыз да ниетімізге байланысты мың құлшылыққа пара-пар болмақ.
Кім қандай ғибадат жасаса да, оны шын ықыласпен орындауы тиіс. Әйтпесе, жасаған құлшылықтан еш пайда болмайды", – делінген маманның жауабында.
Еске салсақ, бұған дейін ҚМДБ өкілдері сәресін ішпей ораза ұстауға бола ма деген сауалға жауап берген болатын.
Сондай-ақ дін өкілдері ішімдік ішкен адам 40 күнге дейін ораза ұстай алмай ма деген сауалға қатысты пікір білдірген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2014358-orazany-aryqtau-maqsatynda-ustagan-durys-pa-din-mamandary-zauap-berdi/