Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"15 жылға ипотекаға алған": Шымкентте жер сілкінісінен кейін 4 жыл бұрын берілген көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасы жарылған

Опубликовано:

Шымкент қаласы көпқабатты тұрғын үй
Шымкент қаласы көпқабатты тұрғын үй. Скриншот: КТК арнасы

Шымкентте жер сілкінісінен кейін бірнеше көпқабатты үйдің қабырғасына сызат түскен. Шағын аудандағы тоғыз қабатты баспана төрт жыл бұрын ғана пайдалануға берілген, деп хабарлайды КТК арнасы.

КТК арнасының мәліметінше, төрт жыл бұрын ғана берілген 96 пәтерлік бұл үйдің қабырғасы үш балдық дүмпу кезінде жарылып, алғашында пайда болған сызат үлкейіп кеткен.

"Жер сілкінген күні қатты қорықтық. Бала-шағаны алып, қалай далаға шыққанымызды білмейміз. Қазір мына үйге кіруге қорқамыз. Осы жерде жүргендердің бәрінің баратын жері жоқ. Әйтпесе, барлығы қашып кетіп қалған. Не істерімізді білмейміз, бәрі жарылып жатыр", - деді Шымкент тұрғыны Құралай Сағындықова.

КТК арнасының мәліметінше, пәтерді 15 жылға ипотекаға алған көпшілік қарызды төлеп біткенше, үй құлап қала ма деп қорқады. Үйді салған мердігер бес жылға дейін кем-кетігін жасап беруге кепіл берген. Ал ол мерзім биыл жыл соңында аяқталады.

"Төрт жылда құлап жатыр. Мына үйде адам тұрады деп айта алмаймын. Үш баллға құлап жатыр, төрт балл болса, Түркиядан бетер боламыз. Бала-шағамызға кім жауап береді?! Бұл үйге біздің талабымыз – сарапшы шақырып, ішін, бәрін көрсін", - деді Шымкент тұрғыны Шолпан Құртанова.

Арна мәліметінше, аталмыш баспананы салған құрылыс компаниясы мен оны қабылдап алған шенеуніктер үйдің 8 балл дүмпуге шыдас беретінін айтқан. Сондықтан ақауын анықтап, бүлінген пәтерлерді жөндеп бермекші.

"Қирап қалмайды. Себебі, қаңқасы монолит, сегіз баллға есептелген. Енді, Құдай сақтасын, ондай жер сілкінісі болса, жалғыз бұл емес, сызат болмауына ешкім кепілдік бере алмайды ғой. Өйткені қабырғаның өзі ДСП панель, төбесінде монолит түйіскен жерінен саңылау болады. Ол арнайы құрылыс көбігі, жер сілкінсе құламау үшін ойнап тұрады", - деді Шымкент құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев.

Айта кетейік, КТК арнасының мәліметінше, аталмыш үйдің сапалы екені туралы техникалық сараптама қортындысы да бар. Бірақ, тұрғындар тәуелсіз сарапшы шақырып, үйдің қаншалықты қауіпсіз екенін тексертіп алмақшы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2014415-15-zylga-ipotekaga-algan-symkentte-zer-silkinisinen-keiin-4-zyl-buryn-berilgen-kopqabatty-turgyn-uidin-qabyrgasy-zarylgan/

pixel