Рамазанда аузы берік адам түтін жұтып, темекі тартса оразасы бұзыла ма: ҚМДБ жауап берді
Жарияланған күні:
Рамазан айында күндіз аузы берік адам түтін жұтқан және темекі тартқан жағдайды оразасы бұзыла ма деген сұраққа ҚМДБ "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы жауап берді, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Бұл сұрақтарға қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы Медет Құрмашев жауап берді.
"Аузы берік адамның тамағына түтін еріксіз кіретін болса, бұл уақытта ол адамның оразасы бұзылмайды. Ал түтінді бір адам әдейі жұтатын болса, ол уақытта адамның оразасы бұзылады. Рамазан айынан кейін сол күннің қазасын өтеу керек болады", - деді Құрмашев.
Сондай-ақ ҚМДБ ресми өкілінің айтуынша, аузы берік адам қандай да бір жолмен тамағына хош иістерді кіргізетін болса, ол адамның оразасы бұзылады.
"Темекі тарту мәселесіне келетін болсақ, темекі тарту шариғатымызда тыйым салынған. Егер адам аузы берік бола тұрып темекі тартатын болса, күмәнсіз оразаны бұзады. Кейбір ғалымдар айтқан темекіні өзінің нәпсісін басу үшін тартатын болса, ондай жағдайда қазаны және сол күннің кәффаратын да өтейді деген. Егер аузы берік адам темекінің ішіндегі никотин сияқты физикалық заттарды тарту арқылы ағзаға кіргізетін болса, ораза бұзылатынын білеміз. Темекі тартатын адам ораза ұстап жүріп, темекі тартса, ол оразаның сол күнгі қазасын да, кәффаратын да өтеуі керек болады", - деді "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы Медет Құрмашев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2014820-ramazanda-auzy-berik-adam-tutin-zutyp-temeki-tartsa-orazasy-buzyla-ma-qmdb-zauap-berdi/