Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қаңтар оқиғасы: 84 азаматқа азаптау әрекетін жасаған күштік органдардың 35 қызметкері жазаланған

Опубликовано:

Қаңтар оқиғасы кезіндегі Алматы
Қаңтар оқиғасы кезіндегі Алматы. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеу нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды ведомствоның ресми сайты.

Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев "Азаптаулар туралы істерді тергеудің өзекті мәселелері" тақырыбында өткен дөңгелек үстел кезінде былтырдан бері мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес "қаңтар оқиғалары" кезеңіндегі азаптауларға қатысты 11 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргенін айтты.

Тергеудің нәтижесі бойынша 84 азаматқа қатысты азаптау әрекетін жасаған күштік органдардың 35 қызметкері қылмыстық жауаптылыққа тартылған.

Нақты 9 адам бас бостандығынан айырылса, басқалары бойынша сот талқылауы жүріп жатыр.

"Қаңтар оқиғалары" кезінде Алматы қаласы мен Алматы облысында бейнебақылау жазбаларын сақтау серверлерінің мақсатты түрде жойылуы құқық бұзушылықтарды анықтаудағы маңызды проблемалардың бірі болды", - дейді ведомство өкілі.

Дегенмен, арнайы прокурорлар бұл жазбаларды қалпына келтіре алған және кейіннен оларды азаптаулардың негізгі дәлелі ретінде пайдаланған.

Жиын барысында құқық қорғау органдарына жеткізілетін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де қозғалған.

Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыстық қудалау органдарында азаптауларды қолдануға жол бермеу мақсатында барлық жерде бейнебақылау орнатылған.

"Алайда, прокуратураның тексеруімен қылмыстық қудалау органдарының бейнебақылау жүйелерімен қамтылмаған 6 159 көзге көрінбейтін учаскелер мен үй-жайлар анықталды. 937 камера жұмыс істемейтін болып шықты. Қазір бұл кемшіліктерді жою бойынша шаралар қабылданып жатыр", - деп қосты ведомство өкілі.

Сондай-ақ Бас прокуратура бұл бағытта басшылар мен қызметкерлердің азаптаулардың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттемелері және оларға жол бергені үшін жауапкершілікті нақты реттеу болмағанын атап өтті.

Ведомство қазіргі кезде тиісті нұсқаулық қабылданып, сеніп тапсырылған бөлімшеде азаптауларға жол бергені үшін басшыларды қызметтен босатуға дейін жауапкершілік қарастырылғанын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2014958-qantar-oqigasy-84-azamatqa-azaptau-areketin-zasagan-kustik-organdardyn-35-qyzmetkeri-zazalangan/

pixel