Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды

Жарияланған күні:

Серік Күдебаев
Серік Күдебаев. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев Талдықорғандағы сот отырысына тағы да келмей қалды. Прокурор оған қатысты қылмыстық істі тоқтата тұрып, Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялауды сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бүгін, 3 сәуірде Серік Күдебаевқа қатысты кезекті сот отырысы белгіленген еді, бірақ ол сотқа тағы да келмей қалды.

Бұл ретте төрағалық етуші судья сотталушыны сотқа 2023 жылғы 3 сәуірде сағат 10.00-де мәжбүрлеп әкелу туралы қаулы шығарылғанын атап өтті. Алайда Серік Күдебаев белгіленген уақытта сот отырысына жеткізілмеген.

"Қаулыны орындау мақсатында келесі жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. 31 наурызда жедел қызметкерлер Күдебаевтың тіркелген мекенжайына барды, оның тұрғылықты жерінде жоқ екені анықталды. Осы мекенжайда тұратын ұлынан сұрастыру кезінде әкесінің осы мекенжайда тіркелгенін ғана айтқан", - дейді судья.

Судьяның сөзінше, көршілерден сұрастыру барысында да Күдебаевтың аталған мекенжайда тұрмайтыны анықталған. Көршілері оны соңғы рет 2018 жылы көргенін жеткізген.

"Күдебаевтың туысынан жауап алу барысында ол Күдебаевты соңғы рет 2023 жылғы 8 наурызда Жамбыл ауданындағы шаруа қожалығында көргенін, сол жерде оның қан қысымы көтеріліп, Алматы ауруханасына жеткізілгенін, содан кейін оны көрмегенін, қайда екенін білмейтінін айтқан.

Медициналық орталықтың жауабында науқас Күдебаевтың 9 наурызда "гипертония" диагнозымен ауруханаға жатқызылғаны және 13 наурызда амбулаторлық ем алу үшін ауруханадан шығарылғаны көрсетілген. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, 23 наурызда Күдебаев Қырғыз Республикасының мемлекеттік шекарасынан өтіп, сол күні "Манас" әуежайынан Түркияның Стамбұл қаласына ұшып кеткен.

Осыған байланысты прокурордың өтініші бойынша судья Күдебаевқа қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану арқылы халықаралық іздеу жариялау туралы қаулы шығарды. Іс тоқтатылсын, ол прокурорға қайтарылады", - дейді судья.

Еске сала кетсек, Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінген. Қаңтар айының басында оған қатысты сот отырысы басталды.

Сот отырысында ол өзінің кінәсіз екенін айтып, өзіне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады. Генерал-майорға Қылмыстық кодекстің 362-бабы ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") және 146-бабы ("Азаптау") бойынша айып тағылған.

Серік Күдебаев 2020 жылғы қаңтардан 2022 жылғы қаңтарға дейін Алматы облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2015143-prokuror-policiya-departamentinin-buryngy-bassysy-serik-kudebaevqa-izdeu-zariyalaudy-surady/