Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Маска таққан жөн": Атырауда 89 гектар жерді шарпыған өрттен кейін қаланы түтін басты (фото)

Опубликовано:

Атырауда 89 гектар жер өртенді
Атыраудағы өрт. Фото: Telegram/qr_tjm

Атырау қаласының маңында қамыс өртеніп, өрт 89 гектар жерге тарады. Соның салдарынан бүгін мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқыды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Атырау облысы әкімдігінің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап.

Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, Каспий теңізінің жағалауындағы 89 гектар аумақты өрт алып, 3 сәуір таңертең 82 гектар жер сөндірілді. Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылған.

Брифингке Атырау облысы экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов, "Ақ Жайық" мемлекеттік табиғи резерваты бөлім басшысы Ғани Ағыбаев, №7 қалалық емхана директоры Гүлнафис Таңбаева және Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) басшысының орынбасары Жасұлан Ақтаев қатысты.

Атырауда 89 гектар жер өртенді
Атыраудағы өрт. Фото: Telegram/qr_tjm

Ақтаевтың айтуынша, "Ақ Жайық" мемлекеттік табиғи қорығы аумағында, Каспий теңізінің жағалауында (Атырау қаласынан 30 шақырым) жету қиын батпақты аумақта жалпы ауданы 7 га қамыс өртенген.

"Сәуірдің 2-сінен бастап 3-і күні таңға дейін 89 гектар қамыс өртеніп, оның 82 гектары сөндірілді. Өрт сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 40 қызметкері мен төрт техникасы, сондай-ақ "Ақ Жайық" табиғи резерватының 30 қызметкері мен тоғыз техникасы жұмылдырылды", - делінген ресми хабарламада.

Атырауда 89 гектар жер өртенді
Атыраудағы өрт. Фото: Telegram/qr_tjm

Сонымен қатар "Ақ Жайық" МТҚ өкілі Ғани Ағыбаевтың айтуынша, жағалаудың теңіз суы таязданып кеткен бөлігінде өсімдіктер өртенуде. Жағдай ауа райының қолайсыздығына байланысты шиеленісіп, үнемі бағытын өзгертетін қатты жел өрт ауқымын ұлғайтқан.

"Батпақты жер балшыққа түсетін техниканы толық пайдалануға мүмкіндік бермейді. Адами немесе табиғи (найзағай) факторлар өрттің ықтимал себептері болуы мүмкін. Бірақ кеше жаңбыр жауып, найзағай ойнамағанын ескерсек, өртке адам себепкер болды деген болжам бар. Осыған орай, қорық басшылығы құқық қорғау органдарына кінәлілерді анықтау туралы арызбен жүгініп, тергеу амалдары басталды", - дейді Ағыбаев.

Атырауда 89 гектар жер өртенді
Атыраудағы өрт. Фото: Telegram/qr_tjm

Атырау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов Атырау қаласында зиянды заттардың шекті рұқсат етілген мөлшерден асып кетуі тіркелмегенін айтты.

№ 7 қалалық емхана директоры Гүлнафис Таңбаеваның айтуынша, ауадағы түтіннің көп болуы созылмалы дертке шалдыққан адамдардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

"Мүмкіндігінше мұндай жағдайларда ерекше қажеттіліксіз далаға шықпай, үйде болуды, терезелер мен желдеткіштерді жабық ұстап, бөлмедегі ауаны баптау құрылғыларында желдеткішті пайдалану керек. Көшеге шығу қажет болса, медициналық қорғаныс маскаларын тағыңыз", - деп ескертті Гүлнафис Таңбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2015280-maska-taqqan-zon-atyrauda-89-gektar-zerdi-sarpygan-ortten-keiin-qalany-tutin-basty-foto/

pixel