Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты іс сотқа жолданады

Опубликовано:

қылмыстық іс
Қылмыстық кодекс. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматылық адвокаттарды соққыға жықты деген күдікке ілінген мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс енді сотқа жолданады, деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, қоғамдық резонанс тудырған төбелес ақпан айында болған. Сол кездегі видео әлеуметтік желіге енді тарап жатыр. Видеодан Тұрлыхановтың ұлы ерлі-зайыптыға жұдырық ала жүгіргені байқалады.

Соққыға жығылған әйел енді сотта моральдық шығын ретінде 25 млн теңге сұрамақ. Зардап шегуші тарап бұл қаражатты қайырымдылыққа жұмсауды жоспарлапты.

"Басқа азаматтар сияқты біз де құқығымызды пайдаландық. Моральдық шығынды өтеп беруді сұрадық. Сомасын айттық. Менің Инстаграм парақшамда оқырман саны көп. Көмек сұрайтын жандар жетерлік. Өзім де бірнеше қайырымдылық қорын білемін. Сот шешімімен бекітілген шығын көлемін айыпталушы тарап біздің қолымызға ұстатпаймыз десе де келісеміз", - дейді жәбірленуші Анна Чернова.

Телеарнаның ақпаратынша, келеңсіз жайт "тиіспе" деген бір ауыз сөзден басталған екен. Атақты спортшының ұлы бір қызды жұлқылап жатқанын көріп, араша түскен ерлі-зайыпты өздері таяқ жеген. Сондықтан олар ақша бергеннің өзінде айыпталушы тараппен татуласпаймыз, кімнің баласы болса да, заң алдында тиісті жазасын алу керек деген ұстанымда.

"Бізді ұрып жатқан видеоны кім және не үшін салғанын білмейміз. Сосын ол болған оқиғаның бір бөлігі ғана. Бізде одан да сорақы видеолар бар. Көздегеніміз ақша емес — әділдік. Бұл келеңсіз жайт барлығына сабақ болу керек. Тұрлыхановтың баласы жазасыз қалмау керек. Істі соңына дейін жеткіземіз", - дейді Олег Чернов.

ІІМ мәліметінше, Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүріп жанжалға араласқан сарбаз Нұрасыл Болатқа денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру бабы бойынша айып тағылған.

"Жедел тергеу амалдары бойынша күдікті ретінде Н.Д. Болат кінәсі толықтай дәлелденді. Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 2-тармағымен жүргізілген тергеу аяқталды. Қазіргі кезде іспен танысу жүріп жатыр. Бәрі біткеннен кейін Алматы әскери сотына жібереміз. Қазір Н.Д Болат әскери бөлім бақылауында", - дейді ІІМ Оңтүстік-өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы Мұхит Жауғашев.

Бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған дейді телеарна мәліметінде.

Айта кетсек, осыған дейін мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов "Балам кәмелетке толған, сондықтан қолымен істегенді мойнымен көтереді" деп аталған жайтқа пікірін білдірген болатын.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2015653-daulet-turlyxanovtyn-ulyna-qatysty-tergeu-ayaqtalyp-is-sotqa-zoldandy/

pixel