Қазақстандық банктер мен ұялы байланыс операторлары көпшілікке үндеу жасады
Жарияланған күні:
Елімізде алаяқтық түрінің көбеюіне байланысты қазақстандық банктер мен ұялы байланыс операторлары Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының ресми сайтында ортақ үндеу жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Үндеу Beeline, Eurasian Bank, Forte Bank, Halyk Bank, Home Credit Bank, Jusan Bank, Kaspi.kz, Kcell, Nurbank, Tele2/Altel, Bank Center Credit, Банк ВТБ (Қазақстан) атынан жарияланды.
"Құрметті клиенттер!
Соңғы уақытта қаржылық алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Біз сізді ықтимал қаржылық шығындардан қорғау үшін ескертуге асығамыз.
Алаяқ қазақстандық немесе шетелдік нөмірден қоңырау шалып, өзін банк қызметкері деп таныстырады. Ол телефон арқылы байланысу қауіпсіз емес деп, WhatsApp немесе басқа мессенджерге ауысуды ұсынады", – делінген хабарламада.
Хабарламаға сенсек, WhatsApp мессенджерінде алаяқ банк қызметкерінің жалған жеке куәлігінің суретін жібереді. Содан кейін сізден ақша ұрлау мақсатында қаражатыңызды "қауіпсіз шотқа" аударуды ұсынып, өз сөзіне сендіруге тырысады. Осылайша қазақстандық азамат алаяқтықтың құрбаны болуы мүмкін.
"Қазақстандық банктердің қызметкерлері телефон арқылы сөйлескенде ешқашан басқа шоттарға ақша аударуды ұсынбайтынын, құпия сөздеріңіз бен кодтарыңызды сұрамайтынын ресми түрде мәлімдейміз. Қазақстандық банктердің қызметкерлері ешқашан клиенттерге шетелдік нөмірлерден қоңырау шалмайды", – деп ескертті банк өкілдері.
Жаңа алаяқтықтың түрі қалай пайда болды?
Әдетте алаяқтардың басым бөлігі шетелде тұрады. Бұрын олар арнайы интернет сервистердің көмегімен өзінің телефон нөмірін қазақстандық нөмірге ауыстыратын. Алайда Қазақстандағы ұялы байланыс операторлары ондай мүмкіндікті шектеді.
"Осылайша енді алаяқтарға қазақстандықтардың кейіпін таныту қиындай түсті, сондықтан олар шетелдік нөмірлерден хабарласады. Олар шетелдік нөмірлер күмәнді екенін түсінгендіктен, мессенджерде танымал банктің логотипі қойылған "қауіпсіз чатқа" ауысуды ұсынады", – деп жазылған хабарламада.
Оған қоса ҚҚҚ сайтында алаяқтар бұрыннан белгілі алаяқтық түрлерін де қолдануды тоқтатпағаны ескертілді.
Қалай алаяқтардан сақтануға болады?
Өзіңізді алаяқтардан қорғау үшін мына ережелерді сақтау маңызды:
- Сөйлеуді дереу тоқтатыңыз! (Күдікті қоңырау туралы хабарлап, шоттарыңыздың қауіпсіз екеніне көз жеткізу үшін банктің байланыс орталығына қоңырау шалуға болады).
- Ешқашан ешкімге SMS хабарламалардағы құпия кодтарды, Интернет-банкингтегі жеке кабинетіңіздің құпия сөзін айтпаңыз.
- Қоңырау шалушылардың өтініші бойынша басқа шоттарға ақша аударуға болмайды.
- Ешбір жағдайда олардың нұсқаулары бойынша белгісіз мобильді қосымшаларды жүктеп алмаңыз!
- Бейтаныс адамдар жіберген сілтемелерді баспаңыз.
"Бұл қарапайым қаржылық қауіпсіздік ережелері өзіңізді алаяқтардан қорғауға және ақшаңызды сақтауға көмектеседі", – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Қылмыстық кодекстің 190 бабына сәйкес алаяқтық үшін құқық бұзушының мүлкі тәркіленіп, оған 1000 АЕК-ке (3,4 миллион теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына я болмаса 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе оны екі жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Алаяқтық мынадай жағдайларда жасалған болса онда жаза екі есеге өседі:
- алаяқтық бір топ адаммен алдын ала келісім бойынша ұйымдастырылса;
- құқық бұзушы өзінің қызмет бабын пайдаланса;
- ақпараттық жүйе қолданушысын алдап не сенімін теріс пайдаланса;
- мемлекеттік сатып алу саласында жасалса.
Мұндай алаяққа 4000 АЕК-ке (13,8 млн теңге) дейін айыппұл салынады немесе 1000 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Я болмаса 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған
Құқық бұзушылар ірі көлемде қаражат жымқырған болса немесе бірнеше адамға қарсы алаяқтықты іске асырған жағдайда зиянкестердің мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
"Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген әрекеттер болған мынадай жағдайларда:
- қылмыстық топпен ұйымдастырылса;
- аса iрi мөлшерде қаражат жымқырылған жағдайда – сотталушының мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмiр бойына айыру немесе 5 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2015705-qazaqstandyq-bankter-men-uyaly-bailanys-operatorlary-kopsilikke-undeu-zasady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.