Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күштеп ұстаған": Ақтөбеде ерлі-зайыптылар мүгедектігі бар азаматты қайыр сұрауға мәжбүрледі деп күдіктелуде

Опубликовано:

Арбада отырған ер адам
Мүмкіндігі шектеулі ер адам. Көрнекі фото: Рexels.com

Ақтөбе қаласында ерлі-зайыптылар мүгедекетігі бар азаматты қайыр сұрауға мәжбүрледі деген күдікке ілінді. Мүгедектігі бар ер адам күн сайын таңертеңнен кешке дейін базардың маңында, ал жұма күндері мешіттердің жанында қайыр сұрауға мәжбүр болған, деп хабарлайды Almaty телеарнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, 46 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны базар мен мешіт алдына шығып, күніне 5-10 мың теңге аралығында ақша тауып отырған көрінеді. Оның бәрін ерлі-зайыптылар жиып-теріп алып кетеді екен.

Ал осыдан бір жарым ай бұрын оны Ақтөбеге алып келіп, қайыр тілеуін осы қалада жалғастыруын бұйырған. Айтуынша, қасына кейін тағы екі адам қосылған.

Жарымжан жанға жасалған озбырлық жуырда ғана еріктілердің көмегімен әшкере болыпты.

"Басында олардан қашып та кеттім. Алайда ұстап алып, өлімші етіп сабады. Содан жағдайым туралы біреуге айтуға қорықтым. Ақтөбеге келгеннен кейін пәтерде солармен бірге тұрдым. Олар маған күніне бір-ақ рет қытай лапшасын беретін. Тапқан ақшамды түгел алып отырды. Жұма күндері мешіт жанынан 40-50 мың теңгеге дейін түсетін", – дейді жәбірленуші Александр.

Облыстық полиция департаментінің өкілдері күдікке ілінген ерлі-зайыптыларға қатысты іс қозғалғанын хабарлады.

"Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 128-бабы, бірінші бөлігі бойынша қылмыстық сотқа дейінгі тексеру басталды. Жәбірленуші дағдарыс орталығына орналастырылды. Қазіргі таңда қосымша тергеу жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады", – дейді облыстық Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Балаби Асқарұлы.

Шымкентте күтіп отырған ағайыны жоқ жәбірленуші Ақтөбе қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылғаны белгілі болды.

Адам саудасына қарсы халықаралық ұйым мүшелерінің айтуынша, жыл басынан бері өңірде екі жағдай тіркелген.

"Бұл 2 факт бойынша екеуі де Қазақстан азаматтары. Бірақ жиі кездесетін басқа елдің азаматтары. Ондай азаматтар келгенде бір сомаға келіседі, әрі қарай жұмыс біткеннен кейін айлығын ала алмай жүреді, құжатын тартып алып, бермей жүреді. Сол кезде сөйлескенде кейбірін азаматтық сотқа жібереміз, кейбірі қылмыс болып саналады", – деді қоғамдық қордың атқарушы директоры Гүлнұр Едігеева.

Телеарнаның хабарлауынша, қазір Александрдың тағдырымен "Дәріс" қоғамдық қоры айналысуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2015968-zuma-kuni-mesittin-zanynda-kustep-ustagan-aqtobede-erli-zaiyptylar-mugedek-azamatty-qaiyr-surauga-mazburlegen/

pixel