Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жасады

Опубликовано:

Бас прокуратура кеңсесі
Бас прокуратура кеңсесі. Фото: Flickr.com

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев қазақстандықтарға митингке шақыру мәселесіне байланысты үндеу жасады. Үндеу департаменттің ресми сайтында жарияланды.

"Әлеуметтік желілерде 2023 жылдың 9 сәуірінде рұқсат етілмеген митингтерді өткізуге және оларға қатысуға шақырулар таралуда.

Бұған дейін Бас прокуратура ондай заңсыз шараларды ұйымдастырып, оған қатысқаны үшін заңмен белгіленген жауапкершілік бар деп бірнеше рет ескерткен болатын.

Қоғамдық тәртіпті, халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқығы мен бостандығын сақтау – біздің басты міндетіміз", — дейді бас прокурордың орынбасары.

Осы орайда құқық қорғаушылар "Қазақстан Республикасында бейбіт жиындар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңның нормаларын сақтау қажет екенін және оларды бұзуға жол берілмейтінін еске салды.

Құзырлы мекеме жаппай қоғамдық іс-шараларды өткізбес бұрын жергілікті атқарушы органдарды алдын ала хабардар етіп, рұқсат алу керектігін ескертті. Митингтер халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірмеу үшін шаралар қабылданған әрі рұқсат берілген арнайы орындарда өткізілуге тиіс.

"Бұл нормалар сақталмаған жағдайда кез келген қоғамдық өтініштер заңсыз деп танылып, құқық бұзушыларға құқық қорғау органдары тарапынан әкімшілік және қылмыстық-құқықтық шаралар қолданылады", — дейді Өмірәлиев.

Осылайша заң талаптарын (3-баптың 3-тармағы) бұза отырып өткізілетін митингілерді, шерулерді, жиналыстарды немесе демонстрацияларды ұйымдастыру және оларға қатысу заңға қайшы іс-әрекет болып табылады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488 бабы бойынша 25 тәулікке қамауға алуға дейін әкімшілік жауапқа әкеп соқтырады.

Осы әрекеттердің салдарынан елеулі залал келтірілетін болса, кінәлілер Қылмыстық кодекстің 400 бабы бойынша айыппұл не 200 АЕК мөлшерінде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түрінде қылмыстық жауапқа тартылады.

"Осыған байланысты Бас прокуратура қолданыстағы заңнаманың нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылардың соңынан ермеуге және заңсыз акцияларды ұйымдастырудан және оларға қатысудан, сондай-ақ оларға жария түрде шақырудан бас тартуға шақырады", - деп қосты бас прокуратура өкілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2015984-bas-prokuratura-qazaqstan-xalqyna-undeu-zasady/

pixel