Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Смайылов ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған құжатқа қол қойды: ол нені өзгертеді

Опубликовано:

Ат мінген ар адам ауыл шетінде
Ат мінген ар адам ауыл шетінде. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың тұжырымдамасын бекітті. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды үкімет ресми сайтында.

Мемлекет басшысының жарлығын орындау мақсатында үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың бекіткен тұжырымдамасы 2023-2027 жылдары жүзеге асады деп жоспарланған.

Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қараша айында президент лауазымына кіріскеннен кейін осы тұжырымдаманы әзірлеу туралы жарлыққа қол қойды.

Құжатта "Ауыл – Ел бесігі" жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90 пайызы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді (АЕМ) кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Мұндай елді мекендер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.

Негізгі мақсаттардың бірі – ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады.

Ауыл өмірін жақсартуға арналған тұжырымдама
Ауыл өмірін жақсартуға арналған тұжырымдама. Инфографика: primeminister.kz

Тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін жаңа жер учаскелеріне инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстары жалғасады. Бұл ретте ауылдық елді мекендерде өз қызметкерлеріне үй салып берген жұмыс берушілердің шығындары жалпы алаңы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50 пайыз мөлшерінде субсидияланатын болады.

Оған қоса шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңарту мен негізгі қызметтерді қамтамасыз етудің арқасында халықтың елді мекендерден көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және жалпы шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру жоспарланып отыр. Ал еңбек тапшылығы бар өңірлердің шекаралас ауылдық округтер тұрғындарының жалақысына үстемеақы қосу мүмкіндігі қаралатын болады.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесін агроөнеркәсіп өндірісін жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы шешу жоспарланып отыр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай материалдары, жем-шөп, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ делдалдарсыз тұрақты түрде тауар өткізіп отыруға мүмкіндік береді.

"Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы басқа да бірқатар іс-шараны көздейді, оның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және т.б. бар", - делінген хабарламада.

Оны іске асыру нәтижесінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8 пайызға дейін, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер сумен 100, интернетпен 97 пайыз қамтылады, сондай-ақ нормативтік жағдайы жақсы жергілікті жолдардың үлесі 95 пайызға жеткізілмек. Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және 100 спорт ғимараты пайдалануға беріледі. 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өткізіледі.

Анықтама: Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылдың басында республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар, онда ел халқының 38,2 пайызы немесе 7,5 млн адам тұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016092-smaiylov-auyl-turgyndarynyn-omirin-zaqsartuga-bagyttalgan-quzatqa-qol-qoidy-ol-neni-ozgertedi/