Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда Жанболат Мамайға сот үкімі шықты

Опубликовано:

Жанболат Мамай
Жанболат Мамай. Фото: facebook.com/zhanbolat.mamay

Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотында белсенді Жанболат Мамайға қатысты сот үкімі шықты. Ол жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және жалған ақпарат тарату бойынша кінәлі деп танылды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Facebook парақшасында хабарлады.

Мамайға қылмыстық істің үш бабы бойынша айып тағылған. Олар: билік өкілдерін өздерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде қорлау (Қылмыстық кодекстің 378 бабының 2-тармағы), көрінеу жалған ақпарат тарату (274 бабы 2-бөлігінің 3-тармағы) және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру (272 бабының 1-тармағы).

Соттың хабарлауынша, Мамай Алматы қаласында тіркелмеген партияның рұқсат етілмеген митингісінде сөз сөйлеп тұрып, құқық қорғау органдарының қалыпты қызметін бұзып, қоғамдық тәртіпті күзетіп тұрған полиция қызметкерлерін ел алдында қорлаған.

Сондай-ақ ол БАҚ пен телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, азаматтарды тіркелмеген партия қатарына қосылуға және оппозициялық ортада ойдан шығарылған мансаптық өсуге қол жеткізуге итермелеп, несиелік жүктемесіне байланысты әлеуметтік шиеленісті пайдаланып, қоғамдық санаға манипуляция жасап, несиеге рақымшылық жасалатыны туралы жалған ақпарат таратып, халықты банктер мен микроқаржы мекемелеріне несиелерін есептету үшін арыз жазуға итермелеген.

Бұдан бөлек 2022 жылғы 4 қаңтарда "Алматы арена" мұз сарайының жанында заңсыз митинг ұйымдастырған.

"Мамай тіркелмеген партиямен елдегі әлеуметтік шиеленісті пайдалана отырып, Қазақстандағы билікті ауыстыру қажеттілігі туралы пікірді қалыптастырып, халықты митингіге қатысуға шақырған. Сондай-ақ Алматы қаласының аумағында зорлық-зомбылықпен, погромдармен, өртеумен, қиратумен, мүлікті жоюмен, атыс қаруын қолданумен қатар жүретін жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсеткен", – делінген сот хабарламасында.

Сот үкім шығару кезінде сотталушының асырауында үш кішкентай баласының болуын және оған қатысты жеке сипаттамалардың жақсы екенін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныған. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сот шешімімен Жанболат Мамай кінәлі деп танылған. Бірақ билік өкілдерін қорлағаны үшін қозғалған істің мерзімінің аяқталуына байланысты іс жүргізу тоқтатылған.

Сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде көрінеу жалған ақпарат таратқаны және жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны үшін Мамайға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды – шартты түрде.

Сонымен қатар ол әлеуметтік желілерде қоғамдық-саяси және публицистикалық қызметпен айналысу құқығынан 6 жылға айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016188-almatyda-zanbolat-mamaiga-sot-ukimi-syqty/

pixel