Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Иракта астыртын ойынханада жұмыс істеген 20 қазақстандық ұсталған

Опубликовано:

Ойынхана
Ойынхана. Көрнекі фото: Рexels.com

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомство брифингінде Иракта ұсталған қазақстандықтар жайлы айтты. Олар сол елдегі астыртын ойынханада заңсыз жұмыс істеген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Журналистер СІМ өкілінен Ирактағы қазақстандықтардың ұсталғаны туралы ақпаратқа пікір білдіруді сұрады.

"Биыл наурыз айының соңында Ирактың құқық қорғау органдары заңсыз қызметпен айналысқан үшін – астыртын ойынханада жұмыс істеген Қазақстанның 20 азаматын ұстады. Қазақстанның Иорданиядағы және Ирактағы елшілігі жергілікті органдармен сот қарауынсыз депортациялау туралы келісімге келді. Аталған азаматтар айыппұл төлеп, Ирак аумағынан шығып кетті", – дейді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, бұған дейін де осыған ұқсас жағдай болған.

"Мәселен, биыл ақпан айында Ирактың шетелдіктердің болуы туралы заң нормаларын бұзғаны, атап айтқанда астыртын ойынханада заңсыз қызмет еткені үшін Қазақстанның 7 азаматы тергеуге алынған. Белгілі болғандай, 2022 жылдың қараша айында олардың бесеуі қамауға алынып, іс сотта қаралғанға дейін кепілмен босатылған. Соған қарамастан олар бұрынғы орындарына оралып, жұмысын жалғастырған. Осылайша, олар Ирак заңнамасының нормаларын қайта бұзған", – деп қосты спикер.

СІМ өкілінің сөзінше, Қазақстан елшілігі тегін заңгерлік және басқа да шұғыл көмектер ұйымдастырған. Сот және прокуратура органдарымен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде оң келісімдерге қол жеткізілген.

"Жоғарыда аталған заң талабын бұзған тұлғалар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе оларға 500 мыңнан 3 миллион ирак динарына дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл ретте Қазақстан азаматтары Иракқа тиісті рұқсат құжаттарынсыз заңсыз қызметпен айналысуға бара жатқанын білген", – дейді Айбек Смадияров.

Сөз соңында СІМ өкілі қазақстандықтарды өзге елдердің заңдарын сақтауға шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016217-irakta-astyrtyn-oiynxanada-zumys-istegen-20-qazaqstandyq-ustalgan/

pixel