Павлодарлық ғалымдар Әлихан Бөкейхановтың хатын тапты (фото)
Жарияланған күні:
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдары көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, "Алаш" ұлттық-демократиялық партиясының ұйымдастырушысы әрі жетекшісі Әлихан Бөкейхановтың хатын тапты, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Басылымның жазуынша, бірегей құжат саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық комиссияның ғылыми-зерттеу экспедициясы барысында Семей қаласындағы Жаңа заман тарихының құжаттамалық орталығынан табылған.
Ғалымдар тапқан хат 1918 жылы 20 маусымда жазылған. Хатта Алаш-Орда төрағасы Әлихан Бөкейханов Семей әскери штабына кері шақырылған Ахмет Байтұрсыновтың орнына Алаш-Орда Бүкіл қырғыз Халық Кеңесі Ұлттық полиция басқармасының өкілі Әбікей Сәтбаевтың тағайындалғаны туралы хабарлаған.
Басылымның мәліметінше, Әбікей Сәтбаев "Алаш-Орда" ұлт-азаттық қозғалысының мүшесі болған, 20-ғасырдың басындағы Қазақстан ағарту, білім беру ісінің жарқын өкілдерінің бірі. Ол 1881 жылы Павлодар ауданы Баянауыл ауданы Қ.И. Сәтбаев атындағы ауылда дүниеге келген.
Көрнекті ұстаз Павлодар орыс-қазақ мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. Кейін губерниялық оқу бөлімін басқарып, Семей мұғалімдер семинариясында сабақ беріп, Семей педагогикалық техникумының бірінші директоры болған.
Әбікей Сәтбаев – Қаныш Сәтпаевтың ерекше құрметтеп, алған тәлім-тәрбиесіне ризашылығын білдірген немере ағасы. Оның шәкірттері қатарында қазақстандық ғалым, археолог Әлкей Марғұлан бар.
Сондай-ақ Әбікей Сәтбаев ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, ағартушы, жазушы, ғалым Ахмет Байтұрсыновты жақсы білетін, жақын араласқан жанның бірі болған. 1937 жылы Әбікей Сәтбаев тұтқындалып, ату жазасына кесілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016374-pavlodarlyq-galymdar-alixan-bokeixannyn-xatyn-tapty-foto/