Жаңаөзендік жұмысшылардың полицияға жеткізілуіне қатысты елордалық ПД пікір білдірді
Жарияланған күні:
Астанада жаңаөзендік жұмысшылардың полицияға жеткізілуіне қатысты елорданың полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды Қазақпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Кешеден бері астанада мұнай саласы бойынша қызмет көрсету компаниясының бір топ жұмысшысы санкцияланбаған митинг ұйымдастырды.
Ел заңнамасы бойынша, бұқаралық іс-шаралар жергілікті атқарушы органдарды хабардар ете отырып, тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың қалыпты жұмысына кедергі келтірмейтіндей, арнайы рұқсат етілген жерде ұйымдастырылуы керек.
Митингке қатысушылардың жергілікті атқарушы органдарға митинг өткізу туралы өтініш жолдамай, жергілікті мәслихат шешімінің тізімінде жоқ жерде санкцияланбаған шара ұйымдастырып, "Бейбіт жиындар туралы" Заңын бұзуына байланысты полицияға акцияның бірқатар ұйымдастырушысы мен белсенді қатысушылары жеткізілді", - делінген Астана қалалық полиция департаментінің хабарламасында.
Құзырлы органның мәліметінше, заң бұзғандар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 488 және 667 баптары бойынша жауапқа тартылады.
"Аталмыш баптардың талаптарына сәйкес кінәлі адамдарға ескерту жасалады немесе 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Заңбұзушылардың әрекетіне қолданыстағы заңнама талаптары бойынша баға беріледі", - деп қосты Астана қалалық полиция департаментінен.
Сонымен қатар полиция Қазақстанда бекітілген қоғамдық тәртіпті бұза отырып, жиналыс, митинг, демонстрация, шеру, пикет сияқты өзге де бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Айта кетейік, 10 сәуір күні Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының алдына Жаңаөзеннен келген 60-тан астам адам жиналып, өздерін "Өзенмұнайгаз" АҚ-ға штатқа жұмысқа алуды талап еткен болатын.
"ҚазМұнайГаз" компаниясының мәліметінше, жиналғандар "ҚазМұнайГазға" еншілес "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамы үшін мұнай сервистік қызмет көрсетуге арналған тендерден ұтылған "Бералы Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.
Биыл 1 сәуірде оларға еңбекақысын сақтай отырып, басқа компанияға жұмысқа орналастыру ұсынылған. Алайда "Бералы Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері тендер нәтижесінің күшін жоюды талап етіп, бұл ұсыныстан бас тартқан.
Сонымен қатар "Самұрық-Қазына" қоры осыған дейін келіп түскен шағымдар бойынша конкурстық рәсімдерде заң ережелерінің сақталуына қатысты тексеру жүргізген. Нәтижесінде ешқандай заң бұзушылық анықталмаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016382-zanaozendik-zumyssylardyn-policiyaga-zetkiziluine-qatysty-elordalyq-pd-pikir-bildirdi/