Жаңаөзен әкімі алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады (видео)
Жарияланған күні:
Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімдігі Telegram-дағы ресми парақшасында.
Әкімдіктің мәліметінше, 11 сәуірде Жаңаөзен қаласының әкімдігі алдындағы алаңға жиналған қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейне үндеу жасап, тұрғындарды сабырға шақырған.
"Құрметті Жаңаөзен қаласының тұрғындары, қадірлі жерлестер! Бүгін барлығыңыз әлеуметтік желіден жерлестеріміздің Астана қаласында наразылық акциясын ұйымдастырып, полиция бөліміне жеткізілгені туралы ақпаратты көріп отырсыздар.
Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, жерлестеріміздің жағдайы жақсы. Оларға қолданыстағы заңнама шеңберінде әкімшілік шаралар қабылданатын болады.
Әкімдік тұрақты негізде қала аумағында жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда.
Астанада наразылық білдірген азаматтармен алдын ала келіссөздер жүргізілді. Бұрын тендерден жеңілген компанияда жұмыс істегендерге еңбек жағдайлары мен жалақыларын сақтай отырып, тендерді жеңіп алған компанияға ауысу ұсынылды. Бірақ ұсыныс қабылданбады.
Қасиетті Рамазан айында мен баршаңызды сабырлыққа шақырамын! Мәселенің мәнін білмей, эмоцияларға берілмеулеріңізді және арандатушылардың сөзіне еріп, қандай да бір заңсыз әрекеттерге бармауларыңызды сұраймын!", - дейді Айбек Қосуақов.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада жаңаөзендік жұмысшылардың полицияға жеткізілуіне қатысты елорданың полиция департаменті пікір білдірген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016391-zanaozen-akimi-alanga-zinalgan-turgyndarga-undeu-zasady-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.