Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда бензин мен дизель отынының шекті бағасы өсті: Энергетика министрлігінің бұйрығы күшіне енеді

Опубликовано:

Жанармай
Көрнекі фото: pixabay.com

Бүгіннен бастап Энергетика министрінің "Бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу туралы" бұйрығы күшіне енеді. Бұл туралы ведомство ресми сайтында хабарлады.

Құжатқа сәйкес шекті бағалар:

  • АИ-92 және Аи-93 маркалы бензин литріне 205 теңгеге дейін;
  • дизель отыны литріне 295 теңгеге дейін құрайды.

"Отынның кейбір түрлеріне жаңа бөлшек сауда бағаларын белгілеу мәжбүрлі шара болып табылады және оның көрші елдермен құнының диспаритетін төмендету қажеттілігімен байланысты. Бұл елден мұнай өнімдерінің шығуын азайтуға және ішкі нарықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ министрлік Қазақстанда жанар-жағармай бағасы 2021 жылдың күзінен бері өзгермегендігін атап өткен.

"Көктемгі егіс жұмыстары аяқталғанға дейін фермерлер үшін дизель отынының құны өзгермейді. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, аграршылар үшін республика бойынша орташа баға литріне 204 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 31 пайызға төмен.

Өңірлерге көктемгі егіс жұмыстарына 419 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 мың тоннаға артық. Көктемгі дала жұмыстарына бекітілген көлем басым тәртіппен тиеп-жөнелтілетін болады. Ақпан айында 81,1 мың тоннаның 77,1-і немесе 95 пайызы, наурызда –102,2 мың тоннаның 94,2-сі немесе 92,2 пайызы тиеп жөнелтілген", дейді министрлік өкілдері.

Ведомство бұл ретте дизель отынының бұрын белгіленген сараланған бағасы өзгеріссіз қалатынын мәлім етті.

"Атап айтқанда, Қазақстан азаматтары жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде литріне 295 теңге бағасымен тәулігіне 100 литр сатып ала алады. Жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустар үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасында көлік құралын тіркеу туралы куәлік ұсынылған кезде тәулігіне бекітілген лимит ұқсас баға бойынша 300 литрді құрайды.

Қалған санаттағы адамдар үшін, сондай-ақ жоғарыда аталған лимиттерді дизель отынын сатып алатындар үшін баға литріне 450 теңгені құрайды", - дейді министрлік өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016533-qazaqstanda-benzin-men-dizel-otynynyn-sekti-bagasy-osti-energetika-ministrliginin-buirygy-kusine-enedi/

pixel