Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Заңгер, экономистерді іздейтін кәсіпкерлер аз": сарапшылар Қазақстандағы сұранысқа ие мамандықтарды атады

Опубликовано:

Қызметкерлер
Жұмыс алыну бойынша әңгімелесу.: pixabay.com

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "2023-2025 жылдарға арналған мамандарға қажеттілік" талдауын жариялап, Қазақстанда қандай мамандықтар бойынша мамандардың жетіспейтінін мәлім етті.

Сарапшылардың кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнамасына сәйкес, Қазақстанда 134 мыңнан астам маман жетіспейтін болып шыққан. Оның ішінде сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы саласы бар.

Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанда жұмысшы мамандықтары бойынша мынадай мамандар сұранысқа ие: тігінші, аспаз, күзетші, әр түрлі жұмысты атқаратын адам, автомеханик және т.б.

Сауалнама нәтижесі бойынша кадрларға қажеттіліктің жартысын кәсіптік-техникалық білімі бар адамдардың өтей алатыны анықталған. Ал сұранысқа ие әр бесінші вакансияға жоғары білім қажет. Сондай-ақ сауалнамаға қатысушылардың төрттен бір бөлігіне арнайы білімсіз жұмысқа орналасуға болатыны белгілі болған.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбековтың айтуынша, бұл сауалнамаға 51 мыңнан астам кәсіпорын мен жеке кәсіпкер қатысқан.

"Мұндай талдауды Ұлттық палата жыл сайын жүргізетіндіктен, жағдайдың айтарлықтай өзгермегенін байқауға болады. Кәсіпкерлер арасында жалпы қажеттіліктің 70 пайыздан астамы жұмысшы мамандарға тиесілі. Заңгер, менеджер, экономист мамандарды іздейтін кәсіпкерлер аз. Айта кетейік, жұмысшы тобы еңбекақысы төмен лауазымдарға жатады. Олардың жалақысы 115 мың теңгеден 184 мың теңгеге дейін. Табысының орташа деңгейі - 147 мың теңге", - дейді Тимур Нақыпбеков.

Спикер жұмысшы кадрлар арасындағы орташа еңбекақының ең жоғары индексі (192 мың теңге) Алматы қаласында, ал ең төменгісі (115 мың теңге) Түркістан облысында тіркелгенін атап өтті.

"Кейде сұраныс саны сол жылы университет бітіретін түлек санынан басым түсетін мамандықтар бар. Мысалы, былтыр Қазақстанның жоғары оқу орындары тек 359 маркетолог маманын оқытып шығарса, Ұлттық палатаның сауалнамасына сәйкес 1,2 мыңнан астам маркетинг маманына қажеттілік бар. Сонымен қатар "сәулет", "хореография", "қоғамдық денсаулық сақтау" сияқты саланың мамандарына да қажеттілік жоғары", - дейді Тимур Нақыпбеков.

Оның айтуынша, бұдан бөлек, зерттеудің негізгі міндеттерінің бірі - шетелден келетін жұмыс күшіне деген қажеттілікті зерделеу. Талдау нәтижесі бойынша шетелдік қызметкерлердің ең көп саны Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында тіркелген. Бұлар көбіне Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Украина және Қытай азаматтары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016615-zanger-menedzer-ekonomisterdi-izdeitin-kasipkerler-az-sarapsylar-qazaqstandagy-suranysqa-ie-mamandyqtardy-atady/

pixel