Еліміздің оңтүстігінде елден жанармайды сыртқа шығарған жүргізушілерді полицейлер ұстауда
Жарияланған күні:
Жамбыл және Түркістан облыстарында 10 сәуірден бастап ішкі істер органдары көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп, жанар-жағармайды елден тыс жерлерге әкетуге жол бермеу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізуде, деп хабарлайды Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы.
Медиа-порталдың жазуынша, полиция қызметкерлері тиісті рұқсатсыз қосымша жанармай бактарын орнату арқылы көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу фактілерін анықтауға ерекше назар аударуда.
"Осындай құқық бұзушылық үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 7-бөлігі ("Тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару") бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған", - делінген ведомство хабарламасында.
Полицияның мәліметінше, үш күнде заң бұзған 57 жүргізуші жауапқа тартылған. Сондай-ақ 21 әкімшілік материал бойынша көлік құралдарын одан әрі пайдалануға тыйым салынған.
Еске сала кетейік, 2022 жылы бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін Қазақстан аумағынан автокөлікпен әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салынған еді.
Биыл қаңтарда бұл тыйым тағы 6 айға ұзартылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016803-elimizdin-ontustiginde-qazaqstannan-zanarmaidy-syrtqa-sygargan-zurgizusilerdi-policeiler-ustauda/