Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бәрі аң-таң болады": қазақ тілінде еркін сөйлейтін африкалық жігіт көпшілікті таңғалдыруда

Опубликовано:

Абдул Керім Фати
Абдул Керім Фати. Фото: Түркістан басылымы

Таяуда Астанадағы сауда орталықтарының бірінде қазақ­шаға судай африкалық жігітпен кездейсоқ кездесіп қалған жергілікті тұрғынның видеосы кең тараған еді. Әлгі видеода ол қазақ тілін өздігінен үйренгенін айтады. Осы орайда, Түркістан басылымының тілшісі қазақша сөйлеп қана қоймай, қазақ тілінде ән айтатын Абдул Керімге хабарласып, сұхбаттасқан.

Басылымға сұхбат берген Абдул Керім Абдул Фати Адешиннің айтуынша, ол 2014 жылы Нигерияның Лагос қа­ласынан Астанаға көшіп келген.

"Астанаға осы қалада ағылшын тілін үйрететін немере ағам шақырған болатын. Бір-екі айдай ағылшын тілінен сабақ бердім, артынша му­зы­каға бет бұруды жөн көрдім. Себебі, мен Аф­­­рикада музыка жазып, ән шығарумен ай­налысатынмын. Қазір Астана қаласында жеке шығармашылықпен айналысамын. Неге "Ас­тананы таңдадыңыз?" дегіңіз келсе, бұл – мен тұрақтаған бірінші қала. Сонысымен маған ыстық", - дейді ол.

Алайда әлемдегі ең ыстық құрлықтан келген Абдул Керім алғашында Астанадағы қысты көрген кезде аң-таң бол­ғанын жасырмады.

"Астананың қысы өте суық. Бірақ мен қыс келген кезде кейде Алматы не­месе Шымкент қалаларына барып уақытша тұрақтаймын", - дейді африкалық жігіт.

Дегенмен, елдің бәріне африкалық жігіттің қазақ тілін қалай үйренгені қызық екен. Қазір Абдул Керім қазақ тілінде еркін сөйлейді.

"Бәрі менің қазақшаны қалай үйрен­ге­ні­ме аң-таң болады. Бар болғаны, достарыммен, айналаммен қазақша сөйлесуге ты­рыстым. Қазақша кітаптар оқыдым. Еш­қан­дай курсқа бармадым. Өз бетіммен үйрен­дім", - дейді ол.

Сондай-ақ Абдул Керім "Қазақ тілін үйрену қиын" дегенді жиі ес­ти­тінін айтады. Оның сөзінше, меңгерем деген адамға қиын тіл жоқ.

"Мен сізге мынаны айтайын: Әлемде қиын тіл жоқ. Мен қазақ тілін қоса есептегенде сегіз тіл білемін. Бәрін оңай үйрендім. Ме­нің үйрену әдісім қарапайым: Естимін. Сұ­рай­мын. Қайталаймын. Үйреніп аламын. Мен қазақша дұрыс сөйлей білмесем де, сөй­лей беремін. Кейбірі "Әй, сен шала сөй­лейсің. Сөйлемді дұрыс құрмайсың" деп орта жолдан тоқ­татқысы келсе де, сөйлей беремін. Ұялмай­мын. Дұрыс емес екенін біліп тұрсам да сөй­лей беремін. Өзге тілде сөйлесем де, арасына қа­зақша сөздер "қосып" жіберемін.

Мені үне­мі қолдап жүретін достарымды ерекше жақ­сы көремін. Қатты сыйлаймын. Әдепкіде олар өзара қазақша сөйлегенде "Мыналар не ай­тып жатыр екен?" деп беттеріне қарап отыратынмын. Не жайында әңгімелесіп жат­қа­нын білгім келеді. Кейбірі "Әбеке, сен қазақша жай сөйлейсің. Тұра тұр" десе де, "Бауырым, жай сөйлесем де, тыңдайын. Сосын үйреніп кетемін" деп олармен қазақша сөйлесуге ты­ры­­сатынмын.

Қазір қазақшамды жетілдіріп алғаным сонша, достарым анда-санда орысша сөйлегенде "Түсінбедім? Қазақша айтшы" деп айтамын", - дейді Абдул Керім.

Сонымен қатар сұхбат барысында Абдул Керім Қазақстандағы әншілердің басым бөлігін танитынын, барлығымен жақсы араласатынын, тойға, концерттерге жиі шығатынын айта кетті.

Абдул Керіммен сұхбаттасқан Түркістан басылымының тілшісі Әлия Тілеужанқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016902-bari-an-tan-bolady-qazaq-tilinde-erkin-soileitin-afrikalyq-zigit-kopsilikti-tangaldyruda/

pixel