Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үшінші күн жарықсыз отыр": сәуірде қар жауып, боран соққан өңірлердегі жағдай қалай

Опубликовано:

Қарлы боран
Қарлы боран. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Петр Карандашов

Ақтөбе облысында боран соғып, дүлей ауылдан электр бағаналары құлап, 50 шақты ауыл жарықсыз қалды. Ақмола облысында республикалық маңызы бар жолдар жабылып, түнде ауа райы -20 градусқа дейін суытқан, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарнаның мәліметінше, Ақтөбе облысында екі күн қатарынан ақтүтек бораннан жолдар жабылып, қатынас тоқтаған. Жолда қалған он шақты көлікті құтқарушылар діттеген жеріне жеткізіпті. Облыс орталығында көктайғақтан көлік апаты көбейген. Бұған жер қарайып жаз шықты деп ерте қуанған жүргізушілер қыстық көлік дөңгелектерін ауыстырып тастағаны да себеп болып отыр.

Бұл өңірде елуден аса ауыл жарықсыз отыр. Дүлей дауыл электр бағаналарын құлатып, желілерді үзіп кеткен. Мұндағы желдің екпіні секундына алпыс метрге дейін жетті.

"Қыста ондай қатты жел болған жоқ. Мына бесқонақ кезінде өте қатты жел болды. Кәдімгі алпыс метр секундқа шейін. Көп елдімекендерде діңгекті алмастырғанмен, сым ілу мүмкін болған жоқ, жел қатты болғандықтан. Ана Крандарда 15 метр секундтан асып кетсе, көтеруге болмайды", - дейді Ақтөбе облысы энергетика және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрберген Бекеев.

Телеарнаның дерегінше, Қарағандыда да ауа райы күрт бұзылып, қар жауып, соңы жаңбырға ұласқан соң жол көк мұзға айналды. Бұл жағдай әсіресе дөңгелегін жазғыға ауыстырып алған жүргізушілерге қиынға соқты. Көктайғақта 28 жол-көлік апаты болып, екі адам қаза тапты.

Қарағандыдан шығатын жолдар тегіс жабылған. Соған қарамастан сапарға шығып кетіп, қарға адым жер аса алмай қалған көліктен төтеншеліктер 63 адамды құтқарған. Бекетте қаңтарылғандар жолымыздан қалдық деп қапаланады. Жол үнемі тазаланып тұрса, қозғалыс та тоқтамас еді дейді жүргізушілер.

"Біздің уақытымыз ақша. Кешелі бері тұрмыз. Асхана, дүкен, тіпті әжетхана да жоқ. Өйткені жол бойында жағдай жоқ, қараусыз қалдырған. Қарды уақтылы тазаламайды. Бар білетіні - жолды жаба салу. Қарды уақытында тазалау дегенді білмейді", - дейді көлік жүргізушісі Геннадий Шиц.

Синоптиктер күн райы тек осы аптаның соңында жылынады деп отыр.

"Ақмола облысында әлі де ауа райында тұрақсыздық байқалады. Қар аралас жаңбыр күтілуде. Ауа температурасы алдағы күндері -7 градустан -17 градусқа дейін төмендейді. Тек сәуірдің 20-сынан кейін жауын-шашын тоқтап аз да болса күн жылынады", - дейді Ақмола облысы "Қазгидромет" РМК филиалының инженер-синоптигі Лариса Гончарова.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2017163-usinsi-kun-zaryqsyz-otyr-sauirde-qar-zauyp-boran-soqqan-onirlerdegi-zagdai-qalai/

pixel