Алматыда заңсыз салынған тұрғын үй кешендері анықталды
Жарияланған күні:
Алматыда заңсыз салынып жатқан бірқатар тұрғын үй кешені анықталды. Үш тұрғын үй кешенінде құрылысқа арналған толық құжаттар пакеті жоқ, деп хабарлайды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Бұл тізімде Теректі шағын ауданы, Айналмалы көшесі, 183 аумағында орналасқан ORDA CITY тұрғын үй кешені бар. Тапсырыс беруші компания "Инвестмент Строй" ЖШС екені анықталды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, құрылыс салушыда жоба алдындағы құжаттама мен құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама жоқ. Сонымен қатар жер телімі жеке тұрғын үй құрылысына арналған.
"Әкімшілік құрылыс салушыға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 316-бабының 1-бөлігі, 321-бабы бойынша шара қолданып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарды, сондай-ақ сотқа талап-арыз берілді. Сонымен қатар Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына қазаншұңқырды бұзу және қайта толтыру туралы талап арыз жолдады", - делінген баспасөз хабарламасында.
Келесі тұрғын үй кешені Dostar Deluxe деп аталады. Ол Мәдениет шағын ауданы, 185/8 мекенжайында орналасқан. Тапсырыс беруші "Ашинов" жеке кәсіпкерлігі деп көрсетілген. Тұрғын үй кешенінің эскиздік жобасы келісілмеген, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы туралы хабарлама жоқ. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 316-бабының 1-бөлігі, 321-бабы бойынша шара қабылданды.
Үшінші заңсыз салынып жатқан кешен - Ремизовка шағын ауданы, 7-жол, 71 учаскесіндегі Verona тұрғын үй кешені. Тапсырыс берген 5 жеке тұлға екені анықталған. Бұл түрғын үй кешенінде де құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы туралы хабарлама және жоба құжаттамасы жоқ.
"Бүгінгі таңда азаматтардың заңсыз тұрғын үй кешендерінен пәтер алу фактілері тұрақты түрде анықталып жатыр. 3 қабатқа дейінгі тұрғын үйлер үшін үлескерлерден қаражат тартуға рұқсат талап етілмейтін қолданыстағы заңнаманы пайдаланып, жосықсыз құрылыс салушылар жылжымайтын мүлік сатып алушы адамдарды жаңылыстыруда", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар әкімдік тұрғындарға жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын қала құрылысын бақылау басқармасына, яғни +7 (727) 229-81-36 сенім телефонына хабарласу керектігін ескертеді. Көрсетілген нөмір арқылы салынып жатқан тұрғын үй кешендерінде құжаттардың толық пакетінің бар-жоғын тексеруге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2017763-almatyda-zansyz-salyngan-turgyn-ui-kesenderi-anyqtaldy/