"Әркім өз пәтерін алады": Астана әкімдігі екі тұрғын үй кешенін бұзуға қатысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Астанада салынып жатқан екі тұрғын үй кешені сүрілсе де, құрылыс компаниясымен келісімшарт жасасқан елорда тұрғындары өз пәтерлерін алады, деп хабарлады қала әкімдігі Telegram-дағы ресми арнасында.
Астана әкімдігінің мәліметінше, "Дублин" тұрғын үй кешенінің құрылысы рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген. Сондай-ақ әкімдіктегілер Ш.Айтматов пен Ж.Молдағалиев көшелерінің қиылысындағы жер алдын ала анықталып, жылу трассасының құрылысына бөлінгенін атап өтті.
"Осыған байланысты бұл учаскедегі құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Орнатылған қадалар демонтаждалып, рұқсат етілген жерге ауыстырылады. Құрылыс компаниясымен шарт жасаған азаматтардың мүдделері сақталып, әркім өз пәтерлерін алатын болады", - делінген әкімдік хабарламасында.
Бұдан бөлек, "Вашингтон" тұрғын үйі бойынша құрылыс компаниясына жіберілген ақауларды жойып, барлық қажетті рұқсат құжаттары ресімделгені мәлім болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2017783-arkim-oz-paterin-alady-astana-akimdigi-eki-turgyn-ui-kesenin-buzuga-qatysty-malimdeme-zasady/