Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дана Нұржігіт елімізде жастар арасында белең алып жатқан қатігездік туралы сөз қозғады

Опубликовано:

Мектеп партасы
Мектеп партасы. Көрнекі сурет: pixabay.com

19 сәуір күні Астанада Meta Meet атты ХІХ республикалық студенттер шақырылымы өтті. Оған танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт, Есен Елеукенов, кино және театр актері Данияр Оразаев, сонымен бірге TikTok әлеуметтік желісінде Нұрлан имам лақап атпен танымал болған дінтанушы, блогер Нұрлан Байжігітұлы қатысып, әлеуметтік, қоғамдық маңызы бар мәселелерді көтерді.

Іс-шара аясында жастар арасында қатігездік пен заңбұзушылықтар жиі белең ала бастағаны туралы айтылып, қоғамдағы жастардың тәрбие мәселесі көтерілді.

Журналист Дана Нұржігіт жастардың қатігездік әрекетін қылмыс деп санайды және жәбірлеушілер ата-анасымен бірге жазалануы мүмкін екенін ескертті.

«Қазіргі мына ақпарат айдынында, әсіресе күнделікті тікелей эфирге шығып, өзекті мәселелерді қозғаған кезде осымен бірлесіп күресуіміз керек дейтін жантүршігерлік, кейде жиіркенішті деп те айтуға болатын оқиғаларды көрген кезде көбінде жастардың арасында болып жатқан дүниелерде сіздер сияқты студенттер альянсының күші керек деп ойлаймын. Өйткені сіздің сүріп жатқан өмірден қалыс қалған жастардың тілін табатын өздеріңіз. Мысалы, алдыңғы күні жасөспірімдер арасындағы әлімжетікке байланысты "Біздің мақсат" бағдарламасын жүргіздік. Бір-бірін өлімші етіп сабап жатқан, бір-бірінің ар-ожданын жерге таптап жатқан оны видеоға түсіріп, бопсалап, елдің алдында масқарасын шығарам деп, ал шынтуайтында олар қылмыс жасап, ертең өздері де, ата-анасы да осыған жауап беретінін ұмытып, сондай видео түсіреді», - деді спикер.

Еске сала кетейік, бұған дейін ШҚО-да жоғары сынып оқушысын қатарластары соққыға жыққанын видеоға түісіріп, әлеуметтік желіге салған болатын. Келеңсіз бейнежазба желіде тез тарап, пікір қалдырушылардың басым бөлігі нарызылық танытқан. Көп ұзамай бейнежазба құзырлы органдардың назарына ілігіп, тергеу ісі жүргізілгеннен кейін оқушы қызды соққыға жыққан адам анықталды.

Оған қоса спикер құмар ойындар мен оның жарнамасына тыйым салу керектігін мәлімдеді. Бірақ көлеңкелі бизнес иелері заңдағы тетікті пайдаланып, жастарға TikTok желісі арқылы ашық түрде казино ойнауға мүмкіндік беретінін айтты.

"Кеше ғана мысалы, "Біздің мақсат" бағдарламасы ойын бизнесіне арналды. Өзім жетінші шақырылымның Сенат депутаты ретінде кезінде депутаттық сауал көтеріп, жарнаманы тыюымыз керек деген едім. Әлі баяғы жартас – сол жартас. Әлі өз орнында тұр. Жаңадан келген депутаттар мәжілісте де, сенатта да осы мәселені көтеріп жатыр. Қазір заңда ол көрсетілмеген, TikTok-та ашықтан ашық казино ойнап жатқандар бар. Соның бәрін жасап жатқан әлеуметтік желінің тілін білетін, алгоритмін білетін, TikTok-ты өзінің кәсібіне, ақша табу көзіне айналдырған бір орта қалыптастырған қылмыстық топ. Жастар, оған да біз қой дегенімізбен, сіздер соны тоқтатпасаңыздар, өз орталарыңызда соны даттап, сондай жастардың соңынан жүрмеңіздер дейтіндей сөзін тауып, жолын тауып жеткізе білетін болсаңыздар, бұл құбылыспен күресуге болады", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2017814-dana-nurzigit-elimizde-zastar-arasynda-belen-alyp-zatqan-qatigezdik-turaly-soz-qozgady/

pixel