Құлсарылық жас әнші қалың тыңдарманның жүрегін жаулауда
Жарияланған күні:
«Бәйтерек» тобының «Сен» әнін жаңа нақышта тамылжыта орындаған Roona есімді жас әнші ел арасында таныла бастады. Оның орындауындағы кавер Jusan-ның қолдауымен жүзеге асып жатқан Yeski Taspa жобасының сегізінші шығарылымы болды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Көпшіліктің сүйікті жобасына айналып үлгерген Yeski Taspa-ның екінші маусымы биыл наурызда басталды. Бұл жолы жобаға Назима, Садраддин, Ayau сынды жұлдыздар қатысты.
Екінші маусымға қатысушылар қатарында жас орындаушы Рауана Матаева (Roona) да болды. Ол Yeski Taspa және Jusan ұйымдастырған байқауда ең көп дауыс жинап, әрі қарай екінші маусымның бір әнін орындау мүмкіндігін иеленген еді.
20 жастағы орындаушы - Атырау облысы Құлсары қаласының тумасы. Бойжеткен бүгінде Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның «Халық әндері» бөлімінде білім алуда. Yeski Taspa жобасы туралы ол әлеуметтік желі арқылы білген. Roona бастапқыда қатты қобалжып, біраз алаңдағанын да жасырмайды.
«Жеңіске жеткенімді білген кезде, бақытты болғаным сонша, эмоциямды жасыра алмадым. Бұл жеңіс мені шабыттандырды, сол себепті ары қарай әрекет ету керек деп шештім. Сол күні маған продюсер хабарласып, дайындықты бастап кеттік. Бұл менің топ құрамында алғаш рет сахнаға шығуым, сондықтан қобалжу болды. Бірақ бәрі жақсы өтті, бұл үшін мен Yeski Taspa командасы мен жобаға қолдау білдірген Jusan-ға алғыс айтамын», - дейді әнші.
Бойжеткен кішкентайынан музыкаға жақын болған. Бұл тұста Рауананың ән айтуға деген қызығушылығын арттырып, 10 жасынан бастап қызын түрлі байқауға апарып жүрген анасының рөлі өте үлкен. Ол қызына оны болашақта атақты әнші ретінде көргісі келетінін жиі айтыпты. Анасының қызына деген осы бір үкілеген үміті мен сенімі Рауана үшін нағыз мотивация болған.
Roona қазақстандық эстраданың Құрмаш Мақан, Гүлсім Мырзабекова, Қазыбек Құрайыш, Hey Monro, Kyle ruh және т.б. осы сынды орындаушыларын сүйіп тыңдайтынын жеткізді. Ал өзі дауысына әр бере түсетін лирикалық сарындағы әндерді орындағанды ұнатады екен.
«Ұйымдастырушылар «Сен» әнін орындауды ұсынғанда қатты қуандым. Сол әннің арқасында мен дауысымның бар әсемдігін, мүмкіндігін көрсете алдым. Айтпақшы, аталған композицияны мен жобаға қатысу үшін байқау кезінде де орындаған болатынмын», - дейді Рауана.
Жас әнші бұл жетістіктермен тоқтап қалмақ емес және өзін музыкалық индустриядан көргісі келеді. Қазіргі таңда ол кавер жазып жүр, ал болашақта өз орындауындағы әндерін жарыққа шығаруды жоспарлауда.
«Жобадан тәжірибе жинақтадым және өзіме деген сенімім арта түсті. Бұл тамаша кезең болды. Ұйымдастырушыларға және Jusan-ға осындай керемет жобалар үшін рахмет!», - деп сөзін түйіндеді Roona.
Айта кету керек, Yeski Taspa жобасы Jusan Bank-тың қолдауымен жүзеге асады. Банк жас дарындарға қолдау көрсетіп, оларды «Әрбіріңізге сенеміз, саған сенеміз» деген ұранымен ынталандырып отырады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018022-qulsarylyq-zas-ansi-qalyn-tyndarmannyn-zuregin-zaulauda/