Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына сот үкімі шықты
Жарияланған күні:
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарларына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Астана қалалық соты ресми сайтында.
Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарлары Әнуар Садықұловқа, Дәулет Ерғожинге және Марат Өсіповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім оқылды.
Сот отырысы айыпталушылардың өздерінің қатысуымен және іс "Аса құпия" белгісімен қаралған.
Мәсімов пен оның орынбасары Садықұловқа мемлекетке опасыздық жасау (ҚК-тің 175-бабының 1-бөлігі), билікті күшпен басып алу (ҚК-тің 179-бабының 3-бөлігі) және билік пен лауазымдық өкілеттігін (ҚК-тің 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы) асыра пайдалану бойынша айып тағылған.
Ерғожин билікті күшпен басып алу (ҚК-тің 179-бабының 3-бөлігі), сондай-ақ билікті және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану (ҚК-тің 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы) бойынша айыпталған.
Ал Марат Өсіповке билік және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану (ҚК-тің 362-бабының 3-бөлігі) айыбы тағылған.
Сот үкімімен Кәрім Мәсімов Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оның мүлкі тәркіленетін болады.
Әнуар Садықұлов Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 16 жылға, Дәулет Ерғожин Қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Марат Өсіпов болса Қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ сотталушылардың барлығы өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан, сонымен қатар генерал шендерінен және мемлекеттік наградалардан айырылды.
Бұдан бөлек, сотталушылардан мемлекет кірісіне 10 млрд теңгеден астам қаржы және 24 млн АҚШ доллары өндіріп алынғаны белгілі болды.
Сот үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018054-karim-masimov-18-zylga-bas-bostandygynan-aiyryldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.