"Отбасы банк" шымкенттік мамандар үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылатынын хабарлады
Жарияланған күні:
Шымкент қаласының әкімдігі мен "Отбасы банк" алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын Qamqor деп аталатын тұрғын үй бағдарламасын іске қосады. Бұл бағдарлама шымкенттік мамандардың баспана мәселесін шешуге көмектеседі, деп хабарлайды "Отбасы банк" ресми сайтында.
Банктің мәліметінше, жаңа бағдарламаға дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, мұғалімдер, тәрбиешілер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, мәдениет, спорт қызметкерлері, журналистер, қалалық мемлекеттік ұйымдары мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері, энергетика саласының өкілдері қатыса алады.
"Qamqor бағдарламасы Шымкентте жұмыс істейтін барлық тұрғынға қолжетімді болады. Заемның ең жоғары сомасы 20 млн теңгеге тең. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 5 пайыз, одан әрі ол жылдық 3,8 пайызға дейін төмендейді. Ипотека мөлшерлемесін біртіндеп төмендету – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің арқасында мүмкін болып отыр. Алғашқы 8 жылда несие бойынша ай сайынғы төлем мөлшері 155 мың теңге болса, кейін ол 87 мың теңгеге дейін төмендейді. Мұндай мүмкіндік несие төлемін отбасы үшін қолжетімді етеді", - дейді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Банктің ақпаратынша, Qamqor бағдарламасы бойынша несиелендірудің бірінші траншы 3 млрд теңгеге тең. Қаражатты Шымкент қаласының әкімдігі бөліп отыр.
Ал жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтініштерді қабылдап, әлеуетті қарыз алушылардың тізімін "Отбасы банк" құрады. Банк бұл процесті "Баспана маркет" порталында (https://otbasybank.kz/) цифрландырады. Өтініштердің қашан қабылданатыны туралы мәліметтер кейінірек жарияланады.
Банк өкілдерінің атап өтінуше, жеңілдетілген несиелендіруге үміткерлер пулына көп ұпай жинаған азаматтар енетін болады. Ұпайларды санағанда некеде тұрған жылдар саны, балалардың саны, жұмыс өтілі, Шымкентте қанша уақыт тұрақты тіркеуде тұрғаны және "Отбасы банкінде" үміткердің депозиті бар-жоқтығы ескерілетін болады.
Қатысушылар пулы жасақталғаннан кейін үміткерлер "Отбасы банкіне" несие алуға жолдама алады. Олардың төлем қабілеттілігі тексеріліп, заем беріледі. Бұл қаражатқа алғашқы немесе екінші нарықтан баспана сатып алуға болады.
Qamqor бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптар:
- Қатысушының жасы өтініш берген кездегі кезеңді қоса алғанда 63 жастан аспауы керек.
- Үмткердің және оның отбасы мүшелерiнiң соңғы 5 жылда Қазақстан Республикасының аумағында меншiк құқығындағы тұрғын үйi болмауы қажет.
- Соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұруы қажет.
- Шымкент қаласында таңдаған сала бойынша соңғы 12 айдан кем емес ресми жұмыс өтілі болуы тиіс.
- Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018249-otbasy-bank-symkenttik-mamandar-usin-zana-turgyn-ui-bagdarlamasy-iske-qosylatynyn-xabarlady/