"Жыныстық қатынасқа түсу 15-16 жасқа төмендеген": профессор жастардың денсаулығына қатысты жағымсыз деректерді бөлісті
Жарияланған күні:
Медицина ғылымының докторы Талшын Үкібасова ата-аналарды бала денсаулығына мұқият болуға шақырады. Зерттеулер бойынша жасөспірімдердің ұйқысының қанбауы және фастфуд өнімдеріне құмар болуы түрлі асқынуға әкелуде. Профессордың айтуынша, мұның соңы бедеулікке дейін апарады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Профессор қазіргі жастардың өмір салтындағы ерекшеліктер олардың денсаулығына тікелей әсер етіп жатқанын айтады.
"Ең алдымен өмірге көзқарас дұрыс болу керек. Қазақ қалқанша безді "ұйқы безі" деп бекер айтпаған. Оның қызметі бұзылса, тамақтану, етеккір қызметі бұзылады. Күрделеніп әрі қарай бедеулікке апаруы мүмкін. Етеккір циклы бұзылған қыз балалар көп. Қан кету, етеккірдің уақытында келмеуі жиі кездеседі. Клиникалық байқау бойынша, бұл ең алдымен тамақтануға байланысты. Қазіргі жастар уақытында ұйқыға жатпайды, ұйқысы қанбай оқуға барады. Статистикаға қарасақ, қазіргі жастар бұрынғыға қарағанда үш сағат кем ұйықтайды. Фастфудқа құмарлар көп, зиянды сусын ішеді. Тәтті әрі газдалған сусын адам денсаулығына кері әсер етеді. Аналық без, аталық без функциясы бұзылады", - дейді Талшын Үкібасова.
Медицина саласында қырық жылдан аса тәжірибесі бар жоғары санатты акушер-гинеколог қыз бала денсаулығына ерекше мән беру керегін баса айтты.
"Жастар арасында жыныстық қатынастан тараған инфекциялық ауру көп. Ерте жастан жыныстық қатынасқа түседі. Жақында "Қазақстан жастарының денсаулығы" тақырыбында конференция өтті. Сонда байқағанымыз жыныстық қатынасқа түсу 15-16 жасқа төмендеп кеткен. Бұрын орташа жас 18-20 жас болатын. Тіпті қазір 11 жастағы балалар мен қыздардың арасында жыныстық қатынас бар. Қыз балалардың тағдырына жастайынан мән беру керек. "Қызға қырық үйден тыйым" деген сөз тек оның тәрбиесіне ғана қатысты емес. Тамақтануға, дұрыс киінуге, денсаулыққа да қатысты айтылған мәселе", - дейді Талшын Үкібасова.
20 мыңнан аса баланың жарық дүниеге келуіне куәгер болған дәрігер соңғы кезде тенденцияға айналған әйелдердің 40 жастан асқанда босануын тәуекелге бару деп бағалады.
"Соңғы уақытта 40 жастан кейін босану әлемдік тенденцияға айналды. Карьерасын жасап, машина мініп, үйін алғаннан кейін ғана отбасына қарайтын кез болып жатыр. 20-36 жас аралығында туатын баланы туып алу керек. Баланың да, ананың да денсаулығы жақсы болады. Қазір 50 жастан асқандар жасанды ұрықтандырумен бала көтеріп жатыр. Ол дұрыс емес. Бәрі уақытында болғаны дұрыс. Келіншектерге жүктілікке тексеріліп, дайындалып баруды ескертеміз. Дәрігер кеңесіне құлақ асатындар аз", - дейді профессор.
Айта кетейік, медицина ғылымының докторы, профессор Талшын Үкібасова Ақтөбедегі медициналық университет студенттерімен кездесуге арнайы келген. Кейін Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің студенттеріне лекция оқып, өңірдегі перинатальдық орталықты аралап, күрделі оталарға қатысты.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018275-zynystyq-qatynasqa-tusu-15-16-zasqa-tomendegen-professor-zastardyn-densaulygyna-qatysty-zagymsyz-derekterdi-bolisti/