"Салымшылар көлікке дейін бере салған": Ақтөбеде 197 адамды алдаған қаржы пирамидасының басшысы 6 жылға сотталды
Жарияланған күні:
Бүгін Ақтөбе қаласының №2 сотында қаржы пирамидасының басшысына қатысты сот үкімі жарияланды. Қаржы пирамидасын құрып, жүздеген адамды тақырға отырғызған ер адам 6 жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алматы, Ақтөбе, Атырау тұрғындарын алдаған "ЦентроФинанс" қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс екі жылдан аса тергелді. Іс бойынша 197 адам жәбірленуші деп танылған. Салымшылар пирамидаға 100 мың теңгеден 12 млн теңгеге дейін қаржы аударған. Бірнеше есе табыс табу уәде етілген қаржылық ұйымға салымшылар көліктеріне дейін бере салғаны белгілі болды.
"Қылмыстық кодекстің "Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету" бабы бойынша сотталушыны айыпты деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Ол 7 жылға қаржылық ұйымдарға басшылық ету құқығынан айырылсын", - дейді қалалық сот судьясы Динара Гильманова.
Сотталушы ретінде танылған қаржы пирамидасының басшысына 2020 жылы халықаралық іздеу жарияланған. 2022 жылдың қаңтар айында ол Ресей федерациясында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. 2022 жылдың маусым айынан бастап Ақтөбе қаласындағы тергеу мекемесіне ауыстырылды.
Сот сотталушының жасөспірім баласы бар екенін және өкініш білдіретінін ескерді. Жалғыз баспанасын өзінде қалдыратынын айтты. Қаржы пирамидасының басшысы жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіптілігі төмен мекемесінде өтейді.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018339-salymsylar-koligine-deiin-bere-salgan-aqtobede-197-adamdy-aldagan-qarzy-piramidasynyn-bassysy-6-zylga-sottaldy/