Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бассейн арманға айналған": мәжіліс депутаты ауылдарда мүгедектігі бар балаларға жағдай жасалмағанын ашық айтты

Жарияланған күні:

Серіков Таңсәуле Ғабдыманапұлы
Серіков Таңсәуле Ғабдыманапұлы. Скриншот: Youtube / @mazhilis_kz

Қазақстан ауылдарының көпшілігінде жастар мен мүгедектігі бар балаларға арналған сауықтыру орталықтары және бассейндер жоқ. Бұл туралы 26 сәуірдегі мәжілістің жалпы отырысында депутат Серіков Таңсәуле Ғабдыманапұлы мәлім етті. Ол аталған мәселені көтеріп, премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Таңсәуле Ғабдыманапұлының айтуынша, "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасында ауыл жастары мен мүгедектігі бар балаларға арналған сауықтыру орталығы мен бассейн салу қарастырылмаған. Ал бассейн процедуралары ауыл тұрғындарына тіпті арманға айналған, дейді ол.

"Бүгінгі таңда ауылдарда, аудан орталықтарында аталмыш сауықтандыру орталықтары жоқтың қасы. Ал көптеген дертке дауа болған бассейн орталықтары ауыл тұрғындары үшін мүлдем арманға айналған. Соның салдарынан ауыл жастары мүгедектігі бар балаларды асырап отырған ата-аналар қалаға, облыс орталықтарына баруға мәжбүр. Тиісті ем шараларды, сауықтыру процедураларын қала орталықтарында алып жатыр", - деді Серіков Таңсәуле.

Депутаттық сауалда биыл ақпан айында мүгедектігі бар балалар жүзу процедураларына қатыса алмайтыны, өйткені бөлінген қаражат таусылып қалғаны айтылған. Алайда бағдарламаны жалғастыру үшін қосымша қаражат қажет. Қосымша қаражат бөлу жөніндегі бюджеттік өтінім биыл сәуір айында ғана мәслихат сессиясында қаралмақ. Ал оған дейін мүгедектігі бар балалар сауықтандыру процедураларын жарты жылға жуық ала алмайтыны айтылған.

"Сәуір айында сұраныс оң шешім тапқан күннің өзінде мәселе толыққанды жүзеге маусым-шілде айында ғана асады. Сонда мүгедектігі бар бала жарты жылға жуық сауықтандыру шараларын алмайды", - делінген сауалда.

"Ауыл" фракциясы мүгедектігі бар тұлғалардың мүддесіне қатысты тапсырмалар қатаң орындалуға тиіс екенін және 2022 жылға бекітілуге тиіс бюджетті дұрыс бөлмеген қызметкерлердің жауапкершілігі туралы мәселені көтеру керектігін қадап айтты, сондай-ақ мұндай фактілерді болдырмау үшін шаралар қабылдауын сұрады.

Оған қоса мүгедектігі бар балаларға бассейн жаттығуларын ұйымдастыру үшін қаражат жергілікті бюджеттен ғана қарастырылады.

"Жоғарыда айтылған мәселелерге қатысты бірінші, 2023 жылға нақтыланған республикалық бюджетте "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасына қарастырылған қосымша 55 млрд теңге, сондай-ақ 2023-2025 жылдарға арналған жалпы трансфер көлемі туралы заңда 2023 жылға арналған әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымы нысандарын күрделі және орташа жөндеуге қарастырылған 102,2 млрд теңге қаражат есебін аудандық, ауылдық орталықтарында сауықтандыру бассейн кешендерін салуға қолға алу қарастырылсын. Мүгедектігі бар балаларды бассейнге жаттықтыру, сауықтыру шараларына 1 жылды толық қамтитын бюджет қаражатын бөлу қарастырылсын", - деді Таңсәуле Ғабдыманапұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018341-bassein-armanga-ainalgan-mazilis-deputaty-auyldarda-mugedektigi-bar-balalarga-zagdai-zasalmaganyn-asyq-aitty/