Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Штатта айтыскер ақын болған: "Өзенмұнайгаз" жұмысында қандай бұзушылықтар анықталды

Опубликовано:

"Өзенмұнайгаз" компаниясының қызметкері
"Өзенмұнайгаз" компаниясының қызметкері. Көрнекі сурет: ozen.kz

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы "Өзенмұнайгаз" АҚ жұмысын тексеру барысында қандай заң бұзушылықтар анықталғанын айтты. Ақпарат ұлттық компанияның ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ

Ұлттық компанияның мәліметінше, ондаған бұзушылық анықталды, оларға алдағы уақытта құқықтық баға беріледі.

Жұмыс тобының жетекшісі, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов бұзушылықтардың кейбіріне тоқталды.

Мәселен, Хасановтың айтуынша, "Өзенмұнайгаз" АҚ-да қызметкерлерді жалған жұмысқа орналастыру фактілері анықталған. Сондай-ақ серіктестік құрамына әуелі штатқа теолог, кейін қоғаммен байланыс жөніндегі маман ретінде белгілі ақтаулық айтыскер ақын қосылған.

"Компания штатына кезектен тыс немесе біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін және жөндеумен айналысатын бөлімшелердің мамандықтары бойынша жеткілікті жұмыс тәжірибесі жоқ адамдарды жұмысқа қабылдау фактілері бар", - деп қосты ол.

Дәулетжан Хасанов бірқатар жүк көліктерінің GPS деректерін уақыт кестелерімен салыстырған кезде деректердің сәйкес келмегені анықталғанын айтты.

"Яғни автомобильдер нақты жүріп өткен уақыт аралығын табельдерде асыра көрсеткен. Тиісінше, атқарылған жұмыс үшін төлем де асыра бағаланды", - деп бөлісті Хасанов.

Сонымен қатар жұмыс тобы мұнай өндіретін жабдықты жалға алу қызметі бірнеше есе жоғары бағаға көрсетілген жағдайды анықтаған. Осылайша, сервис көрсететін компаниялардың бірі "Өзенмұнайгазға" әмбебап электр орталықтан тепкіш сорғыны тәулігіне ұңғымаға 96 мың теңгеге жалға берген. Өңірдегі басқа мұнай өндіруші компанияның дәл осындай сорғыны жалға беру бағасы бұдан 2 есе арзан, дәлірек айтсақ әмбебап электр орталықтан тепкіш сорғыны тәулігіне ұңғымаға 39,7 мың теңгеге жалға берілуге тиіс.

Сондай-ақ ӨМГ ұңғымаларды жөндеу үшін 14 жүк көтергіш қондырғы сатып алғаны анықталды. Жасалған келісімшарт бойынша құрылғылардың жалпы құны 1,5 миллиард теңгеден асты. Құжатта жеткізу уақыты 2022 жылдың 31 желтоқсаны деп көрсетілген.

"Тексеру барысында көрсетілген мерзімде 14 агрегаттың біреуі ғана жеткізілгені анықталды. Есеп беру құжаттамасында ол жаңа деп көрсетілген. Алайда тексеріс нәтижесінде оның компоненттері әлдеқашан ескіргені, көптеген бөлшегінің жоқ екені, қуат конструкциялары пайдалану үшін қауіпті екені анықталды. Мұны жасыру үшін тот басқан корпусы мен шассидің металл конструкциялары қара түске боялған", - делінген ҚМГ хабарламасында.

Өндірістік және экологиялық қауіпсіздік нормалары жағынан да сұрақтар туындады.

"Мысалы, бірқатар нысанда ғимарат пен құрылыс бойынша жобалау құжаттары жоқ, желдету жүйесі қауіпсіздік техникасының талаптарына сәйкес келмейді.

Ұңғымаларды жөндеу жұмыстары кезінде экологиялық нормалар сақталмайды, оның ішінде ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу кезінде қорғаныш пленкалары жоқ, үйінділер қойма ретінде пайдаланылады, ластанған топырақ уақтылы алынбайды", - деп хабарлады "ҚазМұнайГаз" АҚ.

Хасанов Жаңаөзен кәсіпорын қызметкерлерінің шағымдарын тексеру мәселесіне жеке тоқталды. Тексеріс кезінде ӨМГ-нің кейбір мердігер ұйымдарында зейнетақы аударымдарын 2-3 айға кешіктірген жағдайлар анықталған, көлік қызметін ұсынатын мердігер ұйымдардың қызметкерлері арнайы киіммен және тамақпен қамтамасыз етілмеген, үстеме жұмыс уақыты асып кеткен жағдайлар тіркелген.

Әрбір аталған факті бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады деп сендірді ұлттық компания.

"Анықталған бұзушылықтардың әрбір тармағы бойынша құқықтық баға берілетін болады. Барлық жауапты құқық бұзушылықтардың ауырлығына байланысты жазаланады. Тиісті құжаттарды құқық қорғау органдарына тапсырамыз", - деп түйіндеді Хасанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018627-statta-aitysker-aqyn-bolgan-ozenmunaigaz-zumysynda-qandai-buzusylyqtar-anyqtaldy/

pixel