Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ерекше атап өткім келді": әскерден келген күні үйленген атыраулық жігіт бульдозерге шығып ән салды

Жарияланған күні:

атыраулық жас жұбайлар
Атыраулық жас жұбайлар. Фото: Асылтек Ақтәжінің жеке мұрағатынан

Желіде әскери киіммен бульдозердің күрегінде махаббат туралы ән шырқаған сарбаздың видеосы тарады. Атыраулық Асылтек Ақтәжі әскерден келген күні үйлену тойын жасаған. 26 жастағы атыраулық ерекше стильдегі тойын өзі ұйымдастырған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айтуынша, үйлену тойынан үзінді видеоны желіге достары мен туыстары салған.

"Видео бүкіл Қазақстанға тарап кетті. Әскерге кетіп, екі адам болып келген жайым бар. Қуанышымды ерекше атап өткім келді. Өзім он жылдан аса уақыт той бизнесі саласында жұмыс істедім. Отбасымызбен тойға түрлі шара ұйымдастырамыз. Қарамағымызда жұмысшылар бар. Біз тойдың неше түрін көрдік. Негізі бұдан да мықтырақ жасағым келді. Өзім қалада болмағасын бәрі ойымдағыдай болған жоқ. Әскерден аман-есен келіп, үйленіп жатырмын. Қуанышымда шек жоқ. Атырау - батырлар елі. Бізде шоулар көп болады", - дейді Асылтек.

Әлеуметтік желідегі сындарды қалыпты қабылдаған.

"Адамдар әртүрлі. Шын қуанғандар да, көре алмай жатқандар да бар. Бес саусақ бірдей емес. Өзім бірінші рет әскерге барып келгеннен кейін осылай жасағым келді. Әкем - ауған соғысының ардагері. 2008 жылы өмірден озды. Әкем тірі кезінде "балам әскерге бар" деп жиі айтатын. Әкем де бір аунап жатқан болар. Кейбіреулер "мына бала екі жыл ауған соғысына барса не болады" депті. Айта берсін. Олар менің тойымды жасап беріп жатқан жоқ. Аман келгеніме қуаныштымын. Біздің командиріміз жақсы болды. Сарбаздарды баласындай көрді. Жігіттерге 82796 бөлімшесіне әскерге бару бұйырсын. Әскерден жамандық үйренбейсің. Ол жерде бәрі бауырмал болды", - дейді Асылтек.

атыраулық жас жұбайлар
Атыраулық жас жұбайлар. Фото: Асылтек Ақтәжінің жеке мұрағатынан

Айтуынша, ғашығының қолына жүзікті вагонның алдында салған. Оған дейін туыстары сырға салу рәсімін жасап, қалыңдықты дайындап қойған.

"Келіншегіммен бес ай бұрын таныстым. Ұнаттым. Тәрбиелі, көпбалалы отбасынан шыққан қыз. Мен бір үйдің ерке баласы болсам, ол да үйінің ерке қызы. Бақыттымын. Келіншегімді қатты жақсы көремін. Келіншегім өзімнен үш жас үлкен. 13 жас айырмашылығы бар Ерке мен Раимнан асып түскен жоқпыз. Елімізде тек қуаныш көп болып, той бола берсін", - дейді желіні шулатқан сарбаз.

Ғашығының тосын сыйына келіншегі де риза.

"Аяқ атынан шок болып жатырмыз. Қолдап, тілекші болып жатқандарға алғысым шексіз. Ал сынаушылар бізден де асып түссін. Хит болсын, жұлдыз болсын. Ешкімге жаман сөз айтқым келмейді. Әскерден келген күні келін болып түстім. Сырға салып, ұзатып алды. Бақыттымын", - дейді жас келін Айгерім Жаманбаева.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018819-erekse-atap-otkim-keldi-askerden-kelgen-kuni-uilengen-atyraulyq-zigit-buldozerge-sygyp-an-saldy-video/